«Ел ағаларының қамқорлығы жанымызды жадыратады» - оралман М.Түсекеев

ЫЗЫЛОРДА. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - ҚазАқпарат агенттігінің Қызылорда облысы бойынша тілшісіне осы облыстың Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылында тұратын оралман Мұхамедияр Түсекеев осындай мазмұнда әңгіме айтып, сыр шертті.
None
None

- Сөзімді сәл ілгеріден қозғасам, мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың білгір саясаткерлігі арқасында 2003 жылы басқа да қандастарымыз сияқты ата-бабамның қаны тамған, тарихи Отаныма атбасын тіреп, көшіп келіп едім. Бұған дейін отбасымдағы 10 адаммен Өзбекстанның Жизақ облысы, Гагарин қаласында тұрып келгенмін, - деп бастады ол әңгімесін.

Келер алдында «Қазақстанға барғаннан кейін жағдайым қалай болар екен, бұл жақта да абыройсыз емеспін, үй-жайым, туысқандарым, дос-жарандарым бар, талай қызметте болдым, ол жақта мені кім таниды, балаларымның жағдайы қалай болар екен», деген ойдың маза бермегені рас. Бірақ туған жерге деген сағыныш ештеңеге қаратпады, - деп оралман сөзін одан әрі жалғастырып әкетті. - Көшіп келгеннен кейін ол ойдың аз уақыттың ішінде санадан шығып кеткенін де байқамай қалдым. Келген жылы, ауданның сол кездегі әкімі Нәжмадин Мұсабаев бастаған басшылардан көп көмек көрдім. Балаларымның бірқатары жұмысқа орналасты. Ал жұмыссыз жүргендері ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды, ауылдың көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатыстырылды. Ауыл әкімі Мырзахмет Таңқиев отбасыма үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 30 мың теңге несие алып берді.

Мектеп жасындағы балаларым мен немерелерім де Келінтөбенің жағдайына үйреніп, осында жаңа достарын тапты. Ал өзім келінтөбелік ағайындармен әп-сәтте бауыр, дос, ағайын болып кеттім.Ауа райына үйренбегендіктен болар, келген кезімізде шетімізден ауыра бастадық, сол кезде ауылдық аурухананың қызметкерлері көптеген жағдай жасады. Аудандық аурухана дәрігерлері облыстық медициналық орталықтан кеңесуге дәрігерлер шақыртып, емделуімізге мүмкіндік қарастырды.Келінтөбе ауылына орналасқаннан кейін 5 гектар жер алып, бала-шағамызбен мақта ектік. Алған өніміміз көңілімізді марқайтты. Әр гектардан ойымыздағы 20 центнер орнына 47 центнерден мақта алып, ауыл мен аудан мақтанышына айналдық. Еңбегіміз орынды бағаланды.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері бастаған ісімізге ұйытқы, жанашыр бола біліп, 2004-2005 жылдары Еуроодақтың «Тасис» бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарына қатыстырды. Атқарған еңбектің нәтижесінде аудан мен облысқа жақсы танылып, аудан мекемелеріне именбей кіре алатын болдым.Бүгінде зейнеткермін. Зейнеткерлікке шығар алдында да құжаттар дайындауда еш кедергілер болған жоқ. Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне тиісті құжаттарымды өткізіп, алған кеңестерім бойынша екі аптаның көлемінде қиындықсыз зейнетке шығып алдым.

Осы мақалам арқылы аудандық зейнетақы төлеу орталығының қызметкерлеріне «ештен кеш жақсы» дегендей рахметімді жеткізгім келеді.Бұл ауданға көшіп келіп ес жиған соң, Өзбекстанда қалған ағайындардың той-томалағына бардым. Сол кездері мен өзімнің оларға облыс, аудан, ауыл басшыларынан көріп отырған жақсылықтарымды жеткіздім. Себебі, мен олардың да тарихи Отанына оралуына септігімді тигізгім келеді. Жақында сондағы қызымды отбасымен бірге Келінтөбе ауылына көшіріп алдым. Қазіргі жағдайлары жаман емес.

Тарихи Отаныма оралғаныма биыл жеті жыл болған екен. Осы кезге дейін облыс, аудан басшылары бізді қараусыз қалдырды деп айта алмаймын. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Н.Ерімбетов те көп көмек көрсетті. Жағ­дайы­мызды жиі бақылап, қамқорлығын аяған жоқ. Алғашқы қиналыңқырап жүрген кездерімізде қаржы көзін қарастырып, әр отбасына 3000 теңгеден қайтарымсыз көмек берді. Сол көрсеткен көмегін ұмыта алмаймыз. Ұмытуға тиіс те емеспіз. Біздің жағдайымызды аудан басшылары да жіті бақылап отырды.

Тарихи Отанына көшіп келген біздер үшін Елбасы мен Үкіметтің атқарып отырған көп істері бар. Солардың бірі жұмыссыз жүрген жас оралмандар отбасын Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласын көркейтуге жұмысқа тартып, тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шақыруы болса, екіншісі, азаматтығын алмаған оралмандар балаларын жеңілдікпен оқу орындарында оқыту үшін жолдама беруінен көрінеді. Осының арқасында Қырғызстаннан көшіп келген Ұ.Сарсенованың ұлы П.Алматұлы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түсті.

Аудан орталығында тұрып жатқан оралмандар Үкіметіміздің «Нұрлы көш» бағдарламасына сай тұрғын үй салу үшін жеңілдікпен кезектен тыс жер алуда. Мен Өзбекстанда жүргенде мұндай жеңілдіктердің бірде-бірін естіп, көргенім жоқ.Алыс-жақын шет елдерде тұратын қандастарымызға бүгінде танымастай өзгерген, дүниежүзіне аты мәшһүр, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Қазақ еліңе, тарихи Отаныңа көшіп кел. Қиындықты жеңе біл. Қазақ баласы екеніңді таныт, ұрпағыңды қазақ жеріне, қазақ еліне қызмет етуге тәрбиеле. Біз еліміздің жарқын болашағы үшін бірлесе тер төгуге тиіспіз», дегім келеді.

Соңғы жаңалықтар