Ел аумағында апта ішінде 2 830 қылмыс жасалды
Ел аумағында апта ішінде 2 830 қылмыс жасалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Бір апта ішінде 2 830 қылмыс жасалды. Оның 1 715-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 11 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 31 тонау және 377 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Мәселен, Ақмола облысының екі тұрғыны трансформаторлық қосалқы станциялардан жабдықтарды кезекті рет ұрлау барысында ұсталған. Олар қосалқы станциядан төрт блок - модульдік релелік қорғанысты ұрлауға тырысқан.
«Мұндай бір қорғаныстың құны 2,5 млн теңгені құрайды. Алты дерек бойынша жалпы шығын 100 миллион теңгеден асты. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді баспасөз қызметінің өкілі.