Ел аумағында болған ең жойқын жер сілкіністері жөнінде қандай деректер белгілі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында Қазақстан территориясында болған ең қуатты зілзалалар жайында мәлімет берді.

Ел аумағында болған ең жойқын жер сілкіністері жөнінде қандай деректер белгілі
Фото: Анадолу

— Қазақстан аумағындағы ең жойқые зілзала деп 1911 жылғы 3 қаңтарда болған Кемин жер сілкінісі саналады. Оның магнитудасы шамамен 8,2 болған. Тіпті, жекелеген аудандарда дүмпулердің қуаты MSK-64 шкаласы бойынша 10-11 балға дейін жеткен. Эпицентрі қазіргі Алматы маңындағы Шон-Кемин аңғарында тіркелген. Жер сілкінісі салдарынан көптеген жарық пайда болды, жер опырылды, топырақ сырғыды. Сол кездегі Верный қаласында (қазіргі Алматы) 776 үй қираған. Тарихи деректерге сәйкес, жер сілкінісі салдарынан шамамен 450 адам қаза тауып, 740-қа жуық адам жарақат алған, — делінген хабарламада.

Ал тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жойқын зілзала деп Құландағы жер сілкінісі есептеледі. Ол 2003 жылы 23 мамырда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында болған.

— Зілзала Жамбыл облысында, Луговое ауылының (қазіргі Құлан) маңында болған. Жер сілкінісінің күші шамамен 6–6,5 балға жеткен. Ал эпицентрі Тараз қаласынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 150 шақырым қашықтықта болған. Табиғи апат салдарынан тұрғын үйлерге зақым келіп, ғимараттарда жарықтар пайда болған. Жедел деректер бойынша, 2 үй толық қирап, 3 адам қаза тауып, 1 кісі жарақат алған, — делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде қай өңірлер сейсмикалық аймаққа жататынын жазғанбыз.

Бұл тізімге Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары, сонымен қатар, Алматы және Шымкент қалалары кіреді.

Демек, аталған жерлерде үлкенді-кішілі зілзалалар алдағы уақытта да болуы ықтимал. Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігі сейсмикалық қауіпті өңірлерде тұратын тұрғындарға алдын ала «дабыл шабаданын» дайындап қоюды ұсынды. Министрліктің хабарлауынша, «дабыл шабаданын» «төтенше жағдайға арналған сөмке» немесе «өмірді сақтауға қажетті заттар жиынтығы» деп те атауға болады.

Сонымен бірге, онда үш тәулікке жететін қажетті заттар салған жөн. Атап айтқанда, «дабыл шабаданында» мынадай дүниелер болғаны абзал:

  • ауыз су (бір адамға тәулігіне 3–4 литр);
  • тамақ өнімдері (консервілер, құнарлылығы жоғары өнімдер);
  • дәрі-дәрмектер (медициналық қобдиша);
  • ысқырық пен шам (дыбыс және жарық белгілерін беру үшін);
  • жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
  • жеке гигиена құралдары (сүлгі, сабын және т. б.);
  • жылы киім (қосымша күртеше, көрпе және т. б.);
  • радиоқабылдағыш (маңызды және қажетті ақпаратқа қол жеткізу үшін); балаларға қажетті заттар (емізік, термос, жөргектер, құрғақ сүт қоспасы және т. б.);
  • отбасының фотосуреті және басқа да қажетті заттар.

Еске салайық, бұған дейін ғимараттың сейсмикалық төзімділігін қалай білуге болатынын жазғанбыз.