Ел аумағында отырғызылған ағаштың 60 пайызы жерсінеді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жыл сайын көктемде ағаш отырғызу науқаны өтеді. Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың жүздеген, мыңдаған түп көшет отырғызылды деп есеп беретіні тағы бар.

«Жыл сайын күзде орман қоры бойынша есеп жүреді. Қазіргі мәліметке сәйкес, көшеттердің 60%-дан астамы жерсінеді. Отырғызылған ағаш көшеттерінің жерсінуі ауа райына да байланысты, кейде жерсінбейді. Әр өңірде жергілікті инспекция бар, олар бізге нәтижесін беріп отырады», — дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, министрлік өкілі орман өртінің алдын алу мақсатында тілсіз жауды ерте анықтау жүйесін орнату мақсаты тұрғанын айтты.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жылда 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын.
«Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 975 млн түп ағаш отырғызылды», — дейді Данияр Тұрғамбаев.