Ел аумағында су қоймаларындағы қазіргі ахуал қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің бірқатар өңірлеріндегі ірі су қоймаларынан тасқын суды қабылдап, қауіпсіз өткізу мақсатында су жіберіліп жатқанын мәлімдеді.
Министрлік дерегінше, 30 наурыздағы жағдай бойынша солтүстік, батыс, шығыс және орталық өңірлердегі су қоймаларында жоспарлы су босату жұмыстары жүргізілуде.
Ақмола облысында Сілеті су қоймасынан секундына 16,74 текше метр, Шағалалы су қоймасынан 16,67 текше метр су жіберілуде.
Ақтөбе облысында Ақтөбе су қоймасынан секундына 1 текше метр және Қарғалы су қоймасынан секундына 0,3 текше метр су босатылып жатыр. Қазіргі уақытта аталған екі нысан орта есеппен 37%-ға толы.
Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасынан секундына 315 текше метр, ал Өскемен су қоймасынан 421 текше метр су жіберілуде.
Абай облысында Шүлбі су қоймасынан секундына 661 текше метр су босатылып жатыр.
Батыс Қазақстан облысында Киров су қоймасынан секундына 6 текше метр, Бітік су қоймасынан 7 текше метр, сондай-ақ Дөңгелек және Пятимар су қоймаларынан секундына 2 текше метрден су жіберілуде.
Қарағанды облысында Ынтымақ және Самарқанд су қоймаларынан секундына 3 текше метрден су босатылып жатыр.
Қостанай облысында Жоғарғы Тобыл су қоймасынан секундына 1,1 текше метр және Қаратомар су қоймасынан секундына 3 текше метр су жіберілуде.
Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 15,8 текше метр, Петропавл су қоймасынан 28,16 текше метр су босатылып жатыр.
Министрлік тасқын кезеңінде су қоймаларындағы жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін қай өңірлерге су басу қаупі төніп тұрғанын жазған болатынбыз.