Ел аумағында өрттерде үш ер адам қаза болды - ҚР ТЖМ

Сейсенбі, 5 наурыз күні Қостанай қаласының «Мичуринец» саяжай қоғамында күзетшіге арналған үй-жай мен оның жанында тұрған «Газель» көлігі өртенді. Жалын 34 шаршы метр аумақты шарпыды. ТЖ орнында 1961 жылғы ер адамның мүрдесі табылды.
Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қостанай облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметтің 10 адамы мен 3 техникасы жұмылдырылды.
Сондай-ақ Петропавл қаласында Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің пәтері өртенді. Үш шаршы метр аумаққа тараған өрт орнында 1951 жылғы ер адамның мүрдесі табылды.
Жалынмен күреске ҚР ТЖМ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 6 адамы мен 1 техникасы қатысты.
Ал Зырян қаласында Горький көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінен шыққан өрт барысында 5 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жалын 10 шаршы метр аумақты шарпыды, 27 жастағы ер адам мерт болды.
Өртпен күреске ҚР ТЖМ Шығыс Қазақстан облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 6 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылды.