Ел бюджетінің үш донор өңірі белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде өңірлердің орталық бюджетке тәуелділігі 49 пайыз деңгейінде сақталып отыр.

Серік Жұманғарин Magnum-ге жарияланған қоғамдық бойкот туралы: Бұл бізге үлкен сабақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

— 2008 жылдан бастап бюджетаралық қатынастар тұрақты сипатқа ие және бюджеттік алып қоюлар мен субвенциялар көлемі өзгеріссіз 3 жылға заңмен бекітіледі. Үш жылдық кезеңге субвенциялар мен алып қоюларды бекіту өңірлер үшін ынталандырушы сипатқа ие және әкімдердің қосымша табысты жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге дербес жұмсауына мүмкіндік береді. Бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі, — деді Серік Жұманғарин Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Бүгінде негізгі басымдықтар беріліп отыр:

— өңірлердің өз әлеуетін және экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдай жасау;
— базалық инфрақұрылымда және жалпы дамуда аса үлкен алшақтықтарға жол бермеу.

— Бүгінде 20 өңірдің 17-сі субвенциялық, орталыққа тәуелділік 49 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Қалған үш аймақ — Алматы, Астана қаласы және Атырау облысы донор болып отыр. Бірақ бұл «шартты» көрсеткіш екенін мойындау керек, орталықтан қосымша трансферттерді донор аймақтар да алып отыр. Мегаполис қалаларда, облыстарда ірі жобалардың көпшілігі орталықтан жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз метрополитен құрылысы, Астана қаласының жаңа көлік жүйесі, яғни LRT, жайлы мектептер, көліктік және өзге де инфрақұрылымды дамыту жобалары. Үкімет жұмысының одан әрі екпіні даму институттарының қарқынын, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың бюджеттен тыс құралдарын, мемлекеттік қолдау шараларын дамыту арқылы өңірлердің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге бағытталады. Жалпы, қабылданып жатқан шаралардан салық салу базасының одан әрі кеңеюі, жалпы өңірлердің салық әлеуетінің дамуы күтіледі, — дейді министр.

Бүгін Мәжілісте «Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп жатыр. 

Еске салайық, мамырда республика бюджетіне трансферт аударатын жаңа донор өңірлер пайда болатыны туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар