Ел экономикасы оң бағытта қалыптасуда, өсім - 7,2 пайыз
Барлық аумақта қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде бірқатар көппәтерлі үйлер жөнделіп, тұрғындар тарапынан оң бағасын алуда. Осы аптадағы Министрлер кабинетінің мүшелері бас қосқан селекторлық форматтағы жиында сөз алған ҚР Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокинның атап өтуінше, 2 тетік бойынша жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның алғашқы бөлігінде Үкімет резервінен бөлінген 1,9 млрд. теңге есебінен 106 үйді жөндеу жоспарланған. Жөндеу жұмыстары жоспарланған барлық үйлер кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Барлық үйлердің мемлекеттік сараптаманы қоса алғандағы жобалау-сметалық құжаттамасы бар. «Ағымдағы жылдың 11 қарашасындағы жағдай бойынша 15 өңірдегі 91 үйде немесе жөндеуге жататын жалпы үйлердің 86 пайызында жұмыстар қарқынды жүруде. Республика бойынша бөлінген 1,9 млрд. теңгенің 950 миллионы немесе 50 пайызы игерілді. Ақтөбе облысы мен Астана қаласында бөлінген қаржы толығымен жаратылды», - деді ол.
Ал екінші тетік бойынша Үкімет резервінен бөлінген 5,5 млрд. теңгеге 449 үйді жөндеу қарастырылған. Ағымдағы жылдың 11 қарашасындағы жағдай бойынша екінші тетік бойынша жұмыстар барлық өңірде жүргізілуде. Жұмыстар 402 үйде қолға алынған, бұл 89 пайызды құрайды. Республика бойынша бөлінген 5,5 млрд. теңгенің 3,9 млрд-ы немесе 67 пайызы игерілген.
Дегенмен қарқынды жүргізіліп жатқан бағдарламаның бірқатар келшіліктері де біліне бастағанын айтқан оның сөзіне қарағанда, қолға алынған шараның негізгі мақсаты мен міндетін халыққа түсіндірудегі ақпараттық-насихат жұмыстар кей өңірлерде жеткіліксіз жүргізілуде. Тіпті жөндеу қолға алынған үйлердің тұрғындары атқарылатын жұмыстардың тізбесі, жөндеу жұмыстарының сметалық құны сынды ақпараттан хабарсыз болып отыр.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облыс әкімдіктеріне Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясындағы кемшіліктерді жоюды тапсырды. «Кемшіліктер орын алған облыстар тиісті жұмыстарды атқаруы тиіс. Осы бағытқа көзделген қаржы тұралап қалмау үшін бағдарламаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек. Яғни, жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқан өңірлерге ресурстарды артық бөлу қажет», - деп атап өтті ол.
Айта кетерлігі, жылу беру маусымына дайындық мәселелеріне қатысты қосымша баяндама жасаған С.Нокиннің атап өтуінше, өткен жыл маусымының соңында тұтынушылардың коммуналдық төлем қарызы 8,7 млрд. теңгені құрады. Ал ағымдағы жылдың 11 қарашасындағы мәліметтер бойынша тұтынушылардың коммуналдық төлем қарызы 8 млрд. теңге болды, яғни не бәрі 750 млн. теңгеге ғана төмендетуге қол жеткізіліп отыр. Есте болса, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев аталған агенттікке жылу беру маусымы қарсаңында коммуналдық төлем қарыздарын әрбір өңірде біршама төмендету мәселесін қойған болатын. Агенттік дайындаған құжатқа сәйкес әкімдіктер коммуналдық төлем қарыздарын 40 пайызға төмендетуі қажет еді. Осы жайтқа тоқталған С.Нокин: «Қарыздары 40 және одан жоғары пайызға төмендетуге Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, БҚО, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері қол жеткізді. Қалған әкімдіктер бұл көрсеткішке маңайлаған да жоқ», - деп атап өтті.
Осы жылу беру маусымына қатысты тағы бір проблеманың шетін шығарған Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаевтың атап өтуінше, еліміздің оңтүстік өңірін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған өзбек ағайын 1 қарашадан бастап оның көлемін қысқартып тастаған. Яғни тапсырыс бойынша белгіленген 397 мың текше метр газ жеткізілімін 100 мың текше метрге төмендеткен. Осыған орай аталған мәселені шешу үшін министрлік «ҚазМұнайГаз» және «ҚазТрансГаз» компанияларымен бірлесе, Өзбекстанға барып келіссөздер жүргізген. Бірақ, өзбекстандық тарап газ жеткізіліміндегі шектеуді доғармауды ұйғарып отыр. «Осыған байланысты 10 қарашада қытайлық «CNPC» компаниясымен келісімге қол жеткіздік. Осының аясында 2011-2012 жылдардың күзгі және қысқы маусымында 500 млн. текше метр көлемінде газды алмастыруға уағдаластық жасалды. Оның ішіндегі 12 млн. текше метрі жыл соңына дейін жеткізіледі», - деді Б. Толымбаев. Ол 10 қарашадан бастап Түрікменстан газы еліміздің жүйесіне жеткізіле бастағанын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы: "Дайындық бойынша, біз бұған дейін бірқатар селекторлық кеңес өткіздік, алайда қыс басталғанда кейбір мәселелер туындап жатыр. Бірқатар өңірлерде оның объективті, кей жерлерде субъективті себептері бар. Яғни қыс түссе болды, оңтүстікте газ жетіспеушілігі орын алады. Қалай алдын ала қарастырылса да, бұл мәселе жылда қайталанады" дей келе, өзінің орынбасары Әсет Исекешевке жылу беру маусымына байланысты барша қаржылық, техникалық мәселелерді шешуді тапсырды.
10 айдағы экономикалық өсім - 7,2 пайыз
Ағымдағы жылдың 17 сәуірінде Парламент депутаттарымен, Үкімет мүшелерімен, орталық мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» ХДП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшыларымен, облыс әкімдерімен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізген Елбасы Н.Назарбаев биліктің ең басты міндеті халқымыздың әл-ауқатын жақсарту болып табылатындығы баса айта келе: «Таяу бес жылда Қазақстан азаматтарының табысы жоғары елдер тобына енуі қажет. 2016 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемі кемінде 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс. Бұл үшін экономикамыз жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсеткішімен дамып отыруы қажет етіледі», - деген болатын. Осы аптада екінші мәрте бас қосқан Үкімет мүшелерінің Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен алқалы жиында аталған меже орындалып келе жатқандығына көз жетті. Отырыс барысында негізгі баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің алға тартқан деректеріне сәйкес, 2011 жылдың 9 айындағы ішкі жалпы өнімнің өсім деңгейі 7 пайызды құраса, 10 айлық қорытынды бойынша экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы,
сауда, көлік және байланыс сынды базалық алты саласындағы ілгерілеу 7,2 пайыздың межені еңсерген. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасында құрылған Кедендік одақ жұмысы да жанданып келеді. «Қазіргі кезде Кедендік одақ мүшелері - Ресей мен Беларусьтың қазақстандық тауарға деген сұранысы артып келеді. Мәселен, соңғы уақытта Ресейге шығарылатын тауар экспорты 48 пайызға өсті. Жалпы, Кедендік одақ аясындағы өзара сауда көлемі 46,2 пайызға ұлғайды», - дейді Қ.Келімбетов.
Теңге тұрақты
Осы жиын барысында еліміздің қаржылық ахуалына тоқталған ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышевтің айтуынша, қазіргі уақытта валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Тұтастай алғанда, он ай ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі 0,2 пайыз ғана болды. Яғни теңгенің тұрақтылығын одан әрі ұстап тұруға мүмкіндік жеткілікті. Екінші деңгейлі банктердегі депозиттер көлемі де ұлғайып келеді. Жыл басынан бері олардың депозиттері 16,7 пайызға өсіп, 8,6 триллион теңгені құрады. Ал халықтың салымдары 2,6 триллион теңгеге дейін өсті. Елдің халықаралық резервтері де біршама өсіп, 75 миллиард АҚШ долларын құраған. Оның ішінде Ұлттық банктің алтын валюта активтері 32,6 миллиард доллар. Сонымен қатар Ұлттық банк жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген 5 миллион теңге мөлшерін 2012 жылғы қаңтардан кейін де тұрақты негізде сақтауға күш салмақ. Қажетті заң жобасы Парламент Сенатының қарауында жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлттық банк салымшыларды қорғау мақсатында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының капиталын 10 пайызға, яғни 133,1 миллиард теңгеге дейін ұлғайтып отыр.
Ұлттық қор толыға түсуде
Ал бюджет кірістеріне қатысты баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 4 триллион 327 миллиард, республикалық бюджетке 3 триллион 623,6 миллиард теңге кірістер түскен. Жоспардың 100 пайыз орындалмауына бюджеттік бағдарламаларды орындауға ақшаның жеткілікті болуына байланысты Ұлттық қордан кепілді трансфертті тартудың қажет болмауы әсер еткен. Республикалық бюджеттің салық түсімдері 2 триллион 390 миллиард теңгені немесе есептік кезеңге арналған жоспардың 102,9 пайызын құраған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, салық түсімдері ағымдағы жылдың он айында 863 миллиард теңгеге өскен. «Өткен жылдың салыстырмалы жағдайында салық түсімдері 483 миллиард теңгеге ұлғайды, - деді Б.Жәмішев.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 10 айында ҚР Ұлттық қорына 2 трлн. 800 млрд. теңге түскен. Тұтас алғанда 2011 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ұлттық қордың қаражаты 7 трлн. 491 млрд. теңгеге жеткен. Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары 4 трлн. 535 млрд. теңгені немесе жоспардың 93,8 пайызын құраған. Ал республикалық бюджет 3 трлн. 935 млрд. теңгеге атқарылған. Бұл жоспардың 96,1 пайызына тең. Есепті кезең қорытындыларына сәйкес нысаналы трансферт қаражаттарын игеру бойынша арта қалу жергілікті деңгейде 67,1 млрд. теңгені құрап отырғанын айтқан Б.Жәмішев: «Есепте кезеңде республикалық бюджеттен өңірлерге 561 млрд. теңге сомаға нысаналы трансферттер бөлінген болатын. Ол жергілікті атқарушы органдардың шұғыл деректері бойынша 485 млрд. теңгеге немесе 86,4 пайызы игерілген», - деді.
Doing Business рейтингісінің 2 индикаторын жақсарту қажет
Белгілі себептермен 2 сағатқа жуық үзілістен кейін қайта жалғасқан 16 қараша күнгі Үкімет отырысында Дүниежүзі банкі жариялаған Қазақстан Doing Business рейтингісі сөз болды. Аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың атап өтуінше, бизнес рейтингі 11 ұстаным бойынша 183 елдегі бизнес ахуалды бағалап, бизнес жүргізудің жеңілдігін анықтаған. Осы рейтингте еліміз 47 орынға тұрақтап, 11 ұстанымға көтерілген. «Мәселен, инвесторларды қорғау индикаторы бойынша Қазақстан 34 ұстанымға көтерілді. Ал салық салу индикаторы бойынша Қазақстан ұстанымы 2 жыл бойы едәуір көтерілуде», - деп атап өткен Е.Орынбаевтың айтуынша, еліміздің құрылыс және халықаралық сауда индикаторлары мардымсыз көрсеткішке ие болып отыр.
Осы орайда Үкімет басшысы: «Бірінші бөлім бойынша Өмірзақ Естайұлына Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігі базасында топ құруды тапсырамын. Бұл салада түбегейлі шаралар жүргізуіміз керек. Құрылыс бойынша тізімнің соңында тұрғанымыз біз үшін ұяттау», - деді.
Екінші мәселе халықаралық саудаға қатысты екендігін атап өткен ол Экономикалық даму және сауда министрлігіне ұсыныс әзірлеуді жүктеді. Сонымен қатар Премьер-Министр еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішевке электрондық декларациялауға тезірек өту үшін жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Заң жобасы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін сауықтыруға бағытталған
Сонымен қатар осы жиын барысында банкорттық жүйені реформалау, дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыру және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін сауықтыруға бағытталған заң жобасы мақұлданды. Аталған заң жобасын таныстырған еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, әзірленген заң жобасының негізгі бағыттарында банкорттық туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
Оның атап өтуінше, заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық тұрғыда оң әсер беруі қажет. «Атап айтқанда, бағдарламаны жүзеге асыру аясында шағын кәсіпорын мен ірі кәсіпкерлікке қатысты қаржылай сауықтыру процедураларын жүргізуге және жұмыс орындарын, сонымен қатар сауықтырылған кәсіпорындар санының артуы есесінен салық базасын сақтауға мүмкіндік береді», - деді Б.Жәмішев.