Ел еркесі - Қалампыр

Туғанда дүние есігін ашар өлең,
Өлеңмен қара жерге кірер денең, - деп Абай атамыз айтқандай, Адам ата, Хауа анадан тараған жұмыр басты пенде әнмен уанып, әнмен жан жарасын емдеп, қасіретке толы қаралы сәтте де жоқтау айтып шерін тарқатқан ғой. Ән - дауа, ән - жан азығы.
Міне, Алланың берген асыл қасиетін байына дарытып, іште тұнып тұрған жан тебіренісін ән айта отырып тыңдаушысына жеткізген саңлақ әншілер қаншама?!
Қалампыр Орал облысы Шыңғырлау ауданына қарасты «Алмас» совхозында 1949 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген.
Ес білгеннен нағашы әжесінің күмбірлете тартқан күйін тыңдап, домбыра үніне әркез елтіп отыратын қыз бала анасының домбыра тартып, ән салғанын естіп өскен.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», дегендей, осы бір киелі өнер Қалампырдың жанына самал желдей әсер етіп, жүрек түкпіріндегі сезім қылын шертетін. Бірақ бала қиялы ақ халатты дәрігер болуды әркез армандайтын. «Адам жанының арашашысы болсам» деген ой оны үнемі мазалайтын еді.
Қалампыр мектеп бітіргеннен кейін Алмаз аулындағы мәдениет клубының меңгерушісі болып еңбек етті. Ән айтуға да, күй тартуға да бейім қараторы, айнамкөз қыз өр мінезді, айтқан бетінен қайтпайтын өжеттілігімен қоса өнерімен де ауылдастарының ыстық ілтипатына бөленді. Қалампыр бір жолы ауылға келген Ғарифолла ағасының концертін көріп ойға шомды. Әнші болғысы келді. Қалампыр концерттен кейін әйгілі әншіге жолығып ән салып берді. Сол жолы Ғарекең «биыл оқуға кел, эстрада студиясына қабылдаймыз» деп, Алматыға арнайы шақырып кеткен-ді.
Қалампыр көп ұзамай Ғарекеңе шәкірт болып қабылданды. Сұлу әннің сырына қанықты, ұстазынан ән иірімдерін тез үйреніп, айту мәнеріне қосты. Шәкірттердің ішіндегі зерегі де, еңбекқор, ізденімпазы да осы Қалампыр еді.
Әр облыстан арманмен келген дарынды жастар білім нәрімен сусындап, аракідік сахнаға шыға бастады. Қалампыр ең алғаш Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында Ғарекеңнің 60 жасқа толған мерейтойына қатысып көпшілік қошеметіне бөленді. Еліктің лағындай талдырмаш қыз ән айтқанда сәл толқығанымен өзінің әнімен, сәнімен көрермендерді бірден баурап алды.
Қалампыр Рахимова «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан ашылған Республикалық эстрада-цирк студиясын ойдағыдай бітірді. Ол Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың алғашқы шәкірттерінің бірі.
Қалампыр ұлағатты ұстаздан алған білімін жаңа ашылған «Гүлдер» ән-би ансамблінде жалғастырып, кең - байтақ қазақ елінің сахналарында өнерін көрсетті. Тыңдаушы ықыласына бөленді. Әнші болғаннан кейін бір орында тоқтап қалмай бағдарламасына ән-термелерді қосып, толықтырып отыру парыз. Қалампыр осы жайлы біздің алтын қорымызда сақталған үнтаспада былай деген екен:
Қалампыр: Репертуар жөніне келетін болсақ, біз студия қабырғасында оқып жүрген уақытта жүзге таяу әндер үйреніп шықтық. Оның ішінде халық әндерімен қоса халық композиторларының да әндері бар. Мен өзі терме жағын жақсы көрем, халықтың термелерін айтам. Дастандарды, термелерді байыптап қарасақ, онда үлкен мән бар. Қазақтың мәдениеті, бастан кешкен тұрмысы, жастарға тәлім-тәрбие беретін мағыналы сөздер көп. Терең мағыналы термелер теріп алып, орындағанға құмартасың....
Алтын: Өнерімен өрге жүзген жас әнші 1971 жылы Мәскеуде өткен Халықаралық музыкалық симпозиумге қатысады. Көп ұлтты елден келген өнер иелерімен бірге бір сахнада ән салу Қалампырдың шабытын одан сайын шыңдай түседі.
Қалампыр өз кезінде көршілес республикалармен қоса Польша, Англия, Пакистан, Шри Ланка, Сингапур, Бельгия жерлерінде және Оңтүстік Йемен республикаларында болып, халқымыздың ұлттық киімін, домбырасын, әсем ән мен термелерін насихаттап, шетелдіктерді таң-тамаша етті.
Осы жайлы көзі тірісінде Қалампыр не депті, біле отырайық:
Қалампыр: Жақында Жапонияға барып қайттық. Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Ришад Абдуллин, Бақыт Қарабалина, Рахима Жұбатырова бірге барып, жақсы оралдық. Біз барған кезде Грузин ансамблімен қосылып Токиода бір концерт бердік. Екінші күні Киото деген қалаға алып кетті. Одан барып келгеннен кейін Хоккайдоға бардық. Онда балықшылар тұрады екен. Бізді жақсы ниетпен қарсы алды. «Сіздер жапонша сөйлеп кететін тәріздісіздер» деп сондай бауырына тартып жақын көрді. Қобыз, домбыра тартқанда да қызықтап қарап отырды...»
Алтын: Әнші Қалампыр Рахимова 1969 жылдан «Гүлдер» ансамблінде әнші болып қызмет етті. Онымен бірге Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Асан Мақашев, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев және жақын құрбысы Айша Таумырзақызы да өнер жолында бірге сапарлас болған. Айша өз кезінде осы бір думанды концертті жүргізетін. Өйткені ол белгілі өнер иесі- Қазақстанның халық әртісі сол кездегі студияның директоры Гүлжаһан Ғалиеваның шәкірті еді.
Енді Қазақ радиосының ардагері, Қаламқас Рахимованың студенттік кезден құрбысы болған Айша Таумырзақызымен болған сұхбатымызға кезек берелік:
Алтын: Айша апа, өзіңіз өнер адамысыз. Жас кезіңізде эстрада студиясын бітірдіңіз. «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсеттіңіз. Сол кездері Қалампырды жаныңызға жақын тұтып жақсы дос болған екенсіз. «Өлі риза болмай тірі байымайды» дегендей, өмірден өткен адамдардың өмірі жайлы әңгімелеп, рухы шаттансын деген оймен сізді ой бөліседі деп студияға шақырып отырмыз. Қалампырдың адами қасиеті, қос құрбының арасындағы достық жайлы айта отырсаңыз!
Айша: 1967 жылы студияға оқуға түстім. Қалампыр да бірге түсті. Сонда студияның алдында ауылдан келген өнер қуған жастар өзара танысып, шүйіркелескен едік.
Мен Гүлжаһан Ғалиеваның класында оқыдым. Ал Қалампыр болса атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың класында оқыды. Оқу басталып кетті. Қалампыр ерекше жан еді. Сөйлеген сөзінің өзі нық, тік жүреді. Тік сөйлейді. Жігітке ұқсас мінезі болатын. Үлкенді де, кішіні де өзіне тарта білетін. Біз Қалампырдың жанынан шықпайтынбыз. Қалампыр ертедегі батыр қыздар сияқты болатын. Кейде Махамбеттің ұрпақтарынан таралған ба деп те ойлайсың.
Ол кезде одан артық қазақтың тілін білетіндер аз еді.
Бір күні Ғарекеңнің класында Қалампыр ән салып отыр екен. Жақындап тыңдасақ, анадай жерде Ғарекең ойға шомып отыр. Қалампыр ортада қаққан шегедей басын тік ұстап терме айтып отыр екен. Домбырасы мен әні бірдей төгіліп, әдемі орындап отыр. Термені жан-тәнімен орындағаны сонша терлеп кетіпті. Мен Қаламқасты табиғи дарыны, адамгершілік қасиеті үшін сыйлап дос болып кеттім.
Студенттік кезде неше түрлі қызықты оқиға болады ғой. Көктем кезі болатын. Менің болашақ жарым Меңтай Өтепбергенов 8 март күні бір құшақ гүлді әкеп сыйлады. Бөлмеде жалғыз отырғам. Меңтай жақындап келіп бетімнен сүймекші болды, ол кезде ауылдан келгенмін. Қорқып кеткен болуым керек. Көмек сұрап айғайлап жіберіппін. Есіктің сыртында Қалампыр естіп қалып есікті жұлып алды. Ер мінезді еді, Меңтайды қуып шықты. Маған айғайлап ұрсып жатыр. Кейін айтып жүретін: «Егерде екеуіңнің ерлі-зайыпты боларыңды білгенде есікті жұлып не шатағым бар еді. Қаншама сөз естідім» дейтін. - Бірақ мен сендердің алғашқы махаббаттарыңның куәсі болдым - деп үнемі айтып жүретін.
Мен сол жылдары семья жағдайымен оқуды тастап ауылға қайттым. Қалампыр болса сол жылы күзде «Гүлдер» ансамбліне әнші болып қабылданды. Артынан мен «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа орналастым. Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық. Қазақ халқы қонақжай ғой. Концерт біткеннен кейін бізді қонаққа шақырады. Қонаққа барғаннан кейін Қалампыр бірінші кіріп, «Ассалаумағалейкум» деп амандасады.
Әнші Жәміш Бердібекова деген болды. Үшеуміз бірге жүретінбіз. Термені айтқан кезде халықты бірден тартып алатын. Ол жеке домбырада күйлерді орындайтын. Ол жұлдыз боп туған өнер иесі еді. Мен «Гүлдерде» жүргенде Ғафу Қайырбековтың «Қазақстан» деген бір шумақ өлеңін оқимын. Сосын би кетеді. Сол кездегі Қалампырдың сахнаға шығар алдындағы тұрысын көрсең. Ол бәйгеге қосатын сәйгүліктей тыпыршып бір орында тұра алмайды, айтар әнін пысықтап қобалжып тұратын. Қалампыр сахнаға жарқ етіп шыға келгенде көрермен тым-тырыс бола қалатын. Сол Қалампыр әр уақытта есте жүреді. Аспандағы мың жұлдыздың ішіндегі бір жұлдыз осы Қалампыр еді. Оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Ол өнерімен халқымен бірге жасайды....
Сол кездегі Мәдениет министрі, халқымыздың өнері мен әдебиетіне аса қамқор болған мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың және Республикалық эстрада-цирк студиясын алғаш алғаш ұйымдастырып ашқан Қазақстанның халық әртісі ГүлжиҺан Ғалиқызы Ғалиеваның қолдауымен 1969 жылы іргетасы қаланған «Гүлдер» ансамблінің алғашқы қарлығаштарының бірі- Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың аз ғұмырындағы қалдырған ізі, өнерге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Иә, өмір көші ұзаған сайын өнер адамының жарқын бейнесі, әсерлі әні халық жадында қалып, кейінгі буын сол кісілердің орындаушылық шеберлігінен үлгі алатыны сөзсіз.
Биылғы жылы туғанына 65 жыл толғалы отырған халық әншісі Қалампыр Рахимованың артында еске алар елі, өнердегі замандастары болғанда есімі жаңғыра берері мәлім.
Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі