Ел кинотеатрларында ҚР ІІМ әзірлеген «Жолдос құтқаруға асығады» анимациялық фильмі көрсетілді
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 9 қаңтарында жаңа жылдың алғашқы оқу күнінде еліміздің барлық ірі кинотеатрларында ІІМ Жол полициясы комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген
«Жолдос көмекке асығады» атты тұңғыш қазақстандық анимациялық оқыту сериалының тұсаукесер көрсетілімі болды. Көрсетілім «Нұр Отан» ХДП және «Жұлдыз» балалар қоғамдық одағы ұйымдары» қоғамдық бірлестігінің қолдау көрсетуімен өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Жол полициясы комитетінен хабарлады.
Мультфильм қазақ және орыс тілдеріндегі: «Жолаушы болу оңай емес!», «Велосипедтің рулінде - сен жүргізушісің! Ал роликтерде - жаяу жүргіншісің!», «Жүргізушінің қасында - қырағы бол!» атты он минуттық үш сериядан тұрады. Олардың әрқайсысында белгілі бір қауіпті жол оқиғасы келтірілген және одан шығу жолдары бойынша түсініктемелер беріледі.
Анимациялық фильмнің бас кейіпкері - батыл Жолдос (Жолдағы дос), ол фильмнің кейіпкерлерін жолда қауіпсіз жүруге үйретуден басқа, керемет күш, асқан жылдамдық, кеңістікте шапшаң ауысу сияқты қарапайым адамдарда жоқ өзінің ғажайып қабілеттерімен жолдарда болуы мүмкін апаттардың алдын алады.
Мультфильмнің сценариі ерекше, жас интернет пайдаланушылар арасында өте танымал, Жол полициясының веб-порталында орналастырылған «Қауіпсіздік әліппесі» он-лайн ойынының желісі бойынша әзірленген.
Астанада 600 оқушы фильмнің алғашқы көрермендері болды. Тұсаукесер көрсетілім «Арсенал» кинотеатрында өтті. Оған Олимпиада чемпиондары Марина Вольнова, Серік Сәпиев, Георгий Цурцумия және Бахыт Сәрсекбаев қатысты.
Көрсетілімнен кейін әрбір балаға «Жолдос көмекке асығады» мультсериалының дискі сыйлыққа берілді.
Сонымен қатар, мультфильм KazTube-тегі ІІМ-нің ресми арнасында, ІІМ веб-порталында (mvd.gov.kz) орналастырылған, оларды республикалық телеарналарда көрсету жоспарланған. Бұдан басқа, мультсериал дискілерге жазылып республиканың жалпы білім беру органдары арасында тегін таратылатын болады.
ІІМ-нің Жол полициясы комитеті 2011-2012 жылдары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде жолдарда балалардың қауіпсіз мінез-құлқын насихаттауға бағытталған 12 әлеуметтік ролик әзірлегенін атап өту қажет.