Ел колледждеріне құжат қабылдау жалғасып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Абитуриенттерден ел колледждеріне құжат қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің дерегі бойынша, колледждерге құжаттарды қабылдау 20 тамызға дейін жалғасады.
Биыл мемлекеттен тапсырыс көлемі 50 мың орынға артты.
Жалпы колледждерге мемлекеттік тапсырыс бойынша 130 мыңнан астам талапкерді қабылдау жоспарлануда.
Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс техникалық мамандықтарға бағытталып, геология, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, металлургия және машина жасау, көлік, IT, құрылыс, коммуналдық шаруашылық және тағы басқа бағыттар бойынша арттырылады.
Сондай-ақ өткен жылдан бастап кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлау енгізілді. Бұл ретте жұмыс беруші практиканы ұйымдастыру және колледж түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыру міндеттемесін өзіне алады. Биыл кәсіпорындардың өтінімдері бойынша қосымша 10 мың студент қабылдау жоспарланған.