Ел қоржынына Париж олимпиадасының тағы бір жолдамасы түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров (58 кг) Париж Олимпиадасының лицензиясына ие болды.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жартылай финалда отандасымыз Филиппин өкілі Курт Бриан Барбосаны жеңді. Ұлттық құрама спортшысы екі раундта да айқын басымдылыққа ие болды. Есеп: 2-0.
Абабакиров осыған дейін Нұрхан Самидиновты (Қырғызстан), сосын Танакрит Йодракты (Таиланд) ұтқан болатын.
Бұл таеквондодан Ұлттық құраманың Париждегі ойындарға алған екіншісі жолдамасы. Кеше Батырхан Төлеуғали (-80 кг) алғаш болып «арнайы билетке» қол жеткізген.
Қытайдағы жарыста Париж Олимпиадасының жолдамасына әр салмақта финалға шыққан екі спортшы ие болады. Барлығы турнирде 33 мемлекеттен келген таңдаулы 96 таеквондошы күш сынасып жатыр.