Ел құрамасы конькимен жүгіруден әлем кубогының алғашқы кезеңін бір медальмен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Бейжің қаласында конькимен жүгіруден 2026/27 маусымындағы әлем кубогының алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті.

Ел құрамасы конькимен жүгіруден әлем кубогының алғашқы кезеңін бір медальмен аяқтады
Фото: ҚР ҰОК

Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бір күміс медаль жеңіп алды.

Ұлттық құрама қоржынына жалғыз жүлдені Кристина Шумекова салды. Ол А дивизионында 1000 метр қашықтықта 1 минут 15,65 секунд нәтижесімен екінші орынға ие болды. Сондай-ақ спортшы В дивизионында 1500 метрде тоғызыншы, 3000 метрде алтыншы орын алды.

Ең мықты спортшылар сынға түскен А дивизионындағы 500 метр қашықтықта Кристина Силаева мен Евгений Кошкин өнер көрсетті. Алғашқы жарыста Силаева 11-орын алса, екінші жарыста 15-орынға тұрақтады. Кошкин сәйкесінше, қос сайыстың қорытындысы бойынша 13-ші және 15-ші орындарға ие болды. Бұдан бөлек, Силаева 1000 метр қашықтықта 20-орынға жайғасты.

В дивизионында Алина Дауранова 500 метр қашықтықтағы алғашқы жарыста тоғызыншы, екіншісінде 12-орын алды. Артур Галиев осы қашықтықтағы алғашқы жарысты 18-орынмен аяқтаса, 1000 метрде 17-нәтиже көрсетті. Ал Никита Важенин 500 метрдегі екінші жарыста 19-орынға тұрақтады.

1500 метр қашықтықта В дивизионында Мария Деген 17-орын алса, Инесса Шумекова 18-сатыға жайғасты. Нұралы Ақжол мәреге 20-болып жетті. Ал 1000 метрде Инесса 16-нәтиже көрсетсе, Дарья Важенина 21-орын алды.

Мария Деген 3000 метр қашықтықта 14-орынға тұрақтады. Ал Вадим Якубовский 5000 метрде 17-нәтиже көрсетті. Екеуі де В дивизионында өнер көрсетті.

Жарыстың соңғы күнінде командалық із кесу сайысы өтті. Мария Деген, Кристина және Алина Шумековалардан құралған Қазақстан әйелдер құрамасы А дивизионында 3 минут 5,85 секунд нәтижесімен жетінші орын алды.

Андрей Зуев, Вадим Якубовский және Виталий Щиголев өнер көрсеткен ерлер құрамасы В дивизионында 3 минут 53,88 секунд нәтижесімен алтыншы орынға ие болды.

Сондай-ақ Алина Шумекова әйелдер арасында масс-стартта тоғызыншы орын алды.

Әлем кубогының келесі кезеңі 20-22 қараша күндері Жапонияның Обихиро қаласында өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан дзюдодан Гран-при турнирін үш медальмен аяқтағанын хабарлағанбыз.