Ел мен жерді әлемге танытатын - білікті ұстаз, білімді шәкірт

Араб халқында мынадай бір аңыз бар екен. Бір саудагер түн ішінде көне кен қазылған аумақтан өтіп бара жатқанда, «азырақ тас алып алыңыз, алған тасыңызды ертең күндіз көргенде алдымен қуанасыз, артынан өкінесіз» деген дауысты естиді. Саудагер артынан өкіндіретін іс болса, көп өкіншке қалып қайтемін депті де, 3 ұсақ тас алыпты. Ертеңінде қараса, ол тастар жалтылдап тұрған қызыл-жасылды жаһұт екен. Мұны алғаш көргенде саудагер ерекше қуаныпты, артынша неге көп алмағанмын деп қатты өкінеді. Білім де дәл осындай қазына. Бұдан шығатын қорытынды: адамдар білім үйренуге мән бермесе, заман ағымына ілесе алмай, артта қалып, аңыздағы саудагер секілді өкінетін болады.
Әр істің бастауы болатыны сияқты білім үйренудің де алғашқы қадамы адамның жас кезіндегі білімге деген құлшынысы мен талпынысынан басталады. Бұл кезең келешекте кемел білімді болудың ең маңызды сатысы екені анық. Халық «Жасыңда алған білімің, тайға басқан таңбадай», деп бекер айтпаса керек.
Жастық шақ - жұмыстың, отбасының түрлі күйбең тірлігіне байланбай, алаңсыз, зейініңді үйренуге шоғырландыратын, білгеніңді санаңда мәңгілік сақтап қалатын нағыз алтын уақыт. Бұған да тағылымды мысал келтіруге болады. Африка жайылымдарында ең биік өсетін шөп бар. Ол жарты жылда әрең дегенде 2-3 см ғана өседі екен. Осыдан кейін жаңбырлы маусым басталысымен 3-5 күннің ішінде 2 метрге дейін биіктеп, жылдам өседі. Сөйтсе, алғашқы жарты жылда өсімдік тамыр тартып, тамырын 28 метрге дейінгі тереңге сіңіріп алып, жаңбыр жауысымен бойлап өсе беретін болған. Әлемдегі барлық істің тағаны осылай берік қаланса, нәтижесі де зор болмақ.
Білімнің бағындырмайтын биігі, алмайтын асуы болмайды. Үйрену ортасының барлық жағдайы толық жасалса, үйренуші қажырлы, ынталы болса, адам ақыл парасатының мүмкіндігі біз ойлағаннан да қуатты, кемел екенін ұғынамыз. Германия Федеративтік Республикасының 121 мың халқы бар Гёттинген (нем. Göttingen) қаласында бүгінге дейін 40 адам Нобель сыйлығын алған. Әлемде бірде-бір адамы Нобель сыйлығын алмаған мемлекеттер толып жатыр. Ал, бұл шағын қаланың осыншама танымал ғалымдарды түлетіп ұшыруында қандай сыр жатыр. Оған себеп сол қаладағы атақты университеттің жүйелі білім берудегі өзгеше тәсілінде жатса керек. Ондағы әрбір адам осы жоғары оқу орнына түсіп, сонда оқуды бала күнінен армандаған, сол жолда құлшына үйреніп, жетістікке жету дәстүрі сақталған. Адамдар бір-біріне еліктеп, бір-бірін үлгі еткен.
Сол сияқты, оқып білім алу, өздігінен үйреніп, дарынды болу жағынан еврейлер де дүниежүзіне жарқын үлгі бола алады. Олар 2000 жыл бойы отансыз тентіреп, бұланып-таланып, қудаланып-қырылумен күн кешті. Еврейлер ел қатарлы күн көру үшін, озбырлар күші жетсе тартып алатын қазына, ақшадан көрі ешкім тонап ала алмайтын білім мен өнердің бәсі биік екенін жете түсінді. Сондықтан кітап оқып, білім алуды, өнер игеруді сәби баласынан үлкеніне дейін тұтас ұлттың сүйегіне сіңіріп, еврей рухына айналдырған. АҚШ-та тұратын еврейлер жалпы халық санының 2 пайызын құрайды. Сөйте тұра сол елдегі адвокаттардың төрттен бірі, профессорлардың үштен бірі, мәдениет қайраткерлерінің тең жартысы, жазушылардың 60 пайызы, Нобель сыйлығын алғандардың үштен бірі еврей ұлтынан шыққан азаматтар. Халқаралық Нобель сыйлығының таратыла бастағанына 100 жыл толған кездегі деректер бойынша, әлемде беделді марапатқа ие болған 600 адамның 116-сы - еврей ұлтынан шыққан ғалымдар.
Бүгінгі күні еврей ұлтынан Нобель сыйлығын алған адамның жалпы саны 240 тан астам деп көрсетіп жүр. Дүниежүзi халық санының 0,3 пайызын ғана құрайтын бiр ұлттан Нобель сыйлығын алған әлем ғалымдарының 30 пайызы шығуы адамды таң қалдырады. Сонымен бірге әлемдік сауда саласында да өзіндік орыны бар. Дүниежүзі саудасының 70%-дан астамы еврейлердiң алақанында көрінеді.
Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций: «алдымнан кезіккен үш адамның кемінде біреуі маған ұстаз болуға жарайды. Мен оның жақсы жақтарын сұрыптап пайдаланамын, нашар қылықтарын көрсем түзетемін», дейді. Білгір ойшыл білім үйренуге осындай таныммен қарағанда, жай адамдардың ұстаз тұтып, өнеге алатын адамдары тіптен көп болар .
Бақытжол Кәкеш