Ел өңірлерінде кілем жуу қызметінің құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемгі маусым басталысымен елімізде кілем жуу қызметіне сұраныс арта түседі. Үй ішін ретке келтіріп, тазалыққа мән беретін осы кезеңде тұрғындар мұндай қызметке жиі жүгінеді. Алайда оның құны өңірге қарай әртүрлі қалыптасқан. 

кілем жуғызу
Коллаж: Kazinform/ Nano banana

Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде баға деңгейі біршама жоғары. Мәселен, Петропавл қаласында кілем жуу құны бір шаршы метріне 1 000-1 200 теңге аралығында болса, Өскеменде 1 000 теңгеден басталады. Қостанай мен Орал қалаларында да баға шамамен 900-1 000 теңге.

Ал ірі қалаларда қызмет ақысы орташа деңгейде. Астана мен Алматыда кілем жуу бағасы 700-1 000 теңге аралығында. Қарағанды, Павлодар және Қонаев қалаларында бұл көрсеткіш 650-900 теңгені құрайды. Атырауда — 600-800 теңге, ал Ақтөбеде — 550-900 теңге шамасында.

Оңтүстік өңірлерде бұл қызмет түрі салыстырмалы түрде қолжетімді. Тараз қаласында кілем жуу құны 450-600 теңге болса, Түркістанда 350 теңгеден басталады. Қызылорда мен Талдықорғанда баға 500-800 теңге аралығында. Ал Шымкент қаласында баға айырмашылығы айқын — 500 теңгеден 2 000 теңгеге дейін жетеді. Бұл қызмет сапасы мен қосымша ұсыныстарға байланысты.

Мамандардың айтуынша, кілем жуу бағасы ең алдымен оның матасына байланысты. Синтетикалық талшықтан жасалған кілемдерді тазалау жеңіл болғандықтан, олардың құны да төмен. Ал жүн мен жібектен тоқылған бұйымдар ұқыпты күтімді қажет етеді. Мұндай кілемдерді жуу барысында арнайы құралдар қолданылып, кейде қолмен тазалау тәсілдері пайдаланылады. Сол себепті олардың бағасы жоғары болады.

к
Инфографика: Kazinform

Сонымен қатар, қолмен тоқылған кілемдерге қызмет көрсету жеке қарастырылады. Олардың тығыздығы мен тоқылу ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, тазалау тәсілі де өзгеше. Соған сәйкес мұндай қызмет түрінің құны да әдеттен қымбат болуы мүмкін.

Бағаға әсер ететін өзге де жайттар бар. Атап айтқанда, кілемнің қаншалықты ластанғаны, түгінің ұзындығы, дақтарды кетіру қажеттілігі, сондай-ақ жеткізу, кептіру және бактерияға қарсы өңдеу сияқты қосымша қызметтер жалпы құнға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, өңірлердегі баға айырмашылығына қарамастан, елімізде кілем жуу қызметі тұрғындар үшін қолжетімді. Ал нарықтағы бәсекелестік тұтынушыларға баға мен сапаның оңтайлы үйлесімін таңдауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қалаларындағы автокөлік жуу қызметтерінің бағасы туралы да ақпарат жарияланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар