Ел өңірлерінде мектеп формасы қаншадан сатылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Қазір ата-ана дүкен, базар аралап балаларын мектепке дайындап жатыр. Оқу құралдарынан бөлек, бір оқушыны киіндіру қанша тұрады? Агенттік тілшісі ел өңірлеріндегі мектеп формасы бағасына шолу жасаған еді.

Елімізде мектеп формасының бірыңғай талабы бар. Оқушыларға арналған киім үлгісі классикалық болуы тиіс әрі үштен артық түс қолданбаған жөн.
Ұлдарға арналған мектеп формасына – пиджак, кеудеше, шалбар, мерекелік және күнделікті киетін жейде, поло немесе теннис жейдесі кіреді. Шалбар тобықты жауып, кең тұруы керек.
Қыздарға арналған мектеп формасына – пиджак, кеудеше, белдемше (юбка), шалбар, классикалық жейде немесе тоқылған жемпір немесе кардиган, поло немесе теннис жейдесі, сарафан кіреді.
Мектеп формасына өте үнемдегеннің өзінде 30 мың теңге қажет. Мұның өзі ең қажет деген киімдерді бір данадан алғанда, себебі бала өседі, киім бүлінуі мүмкін немесе нашар сапа ықтимал.
Ақтөбе мен Семейде мектеп формасын 20-40 мың теңгеге сатып алуға болады. Өскеменде 25-50 мың теңге, ал Оралда 25-40 мың теңгеден сатылып жатыр.
Көкшетауда 35-50 мың теңгеге ала аласыз, Петропавлда базалық мектеп формасы 20 мың теңгеден басталады. Қара және көк костюмді 15 мың теңгеге, ал ұлдарға арналған жейдені 5 мың теңгеге сатып алуға болады.
Айтпақшы, отандық және Қытай тауарларының баға айырмашылығы барын ескерген жөн. Әрине, бағаға мата сапасының әсері зор. СҚО-дағы мектеп формасын тігетін өндіріс каталогына үңілсек, ұлдарға арналған шалбар 9000 теңге, кеудеше 9000-10 000 теңге, галстук — 1300 теңге, пиджак — 18 000 – 20 000 теңге, жалпы сомасы 40 мың теңге шығады. Одан бөлек, жейде алу қажет. Қыздарға келсек, жакет 15 000 тенге, кеудеше 9600 теңге, белдемше (юбка) 8000 теңге шамасында, сарафан 16 000 теңге, пиджак 18 000 теңге, шалбар 13 000 теңге.
Қостанайда оқушы формасын кем дегенде 25-30 мың теңгеге жинай аласыз. Өңірдегі «Большевичка» және «Азурит» тігін фабрикасы қолжетімді бағаға ұсынып отыр. Белдемше (юбка) 3500 теңгеден 6000 теңге аралығында, кеудеше 15-20 мың теңге, ұлдарға арналған шалбар 10 000 теңге және костюм 17-24 мың теңгеден сатылып жатыр.
Жергілікті базарларда қыздарға арналған жейдені 4-10 мың теңгеге, ал ұлдарға арналған жейдені 5-10 мың теңге, ұлдарға арналған шалбар 10 000 теңгеден басталады, ұлдарға арналған костюм 15 000 теңгеден басталады, пиджак және белдемше (қыздарға арналған) 12-22 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Бантик 700 бен 1500 теңге, ал ұзын шұлық (гольф) 800 және 2500 теңге аралығын құрайды.
Сауда үйлерінде баға басқаша, ұлдарға арналған костюм 34 мың теңгеден басталып, 65 мың теңгеге дейін жетеді, жейде 4 -11 мың теңге аралығы, белдемше-көйлек 5 мың және 15 мың теңге аралығында. Ұлдарға арналған шалбар 11 мың теңгеден басталып, 17 мың теңгеге дейін жетеді, ал жейдені таңдауға қарай 8-22 мың теңгеге сатып алу мүмкіндігі бар.
Атырауда мектеп формасы 30-45 мың теңге тұрады. Ұлдарға арналған костюм 30-45 мың, қыздарға арналған жейде 6,5-10 мың теңге, қыздарға арналған пиджак 17 000 теңге, белдемше (юбка) 9-15 мың теңге тұрады.
Қызылордада бір балаға мектеп формасын киіндіру үшін 30-40 мың теңге жұмсалады. Атап айтсақ, сарафан 8-10 мың теңге, көйлек — 4-20 мың теңге, кеудеше — 11-14 мың теңге, ұлдарға арналған костюм — 15-45 мың теңге, ал шалбар— 6-25 мың теңге аралығында.
Қарағандыда мектеп формасына кем дегенде 25 000 теңге қажет. Сарафан 8000 теңгеден басталады, жейде — от 3,5-20 мың теңге арасында, кеудеше — 13 мың теңгеден басталады. Ұлдарға арналған костюм 18 мыңнан 45 мың теңгеге дейін жетеді. Шалбар 8 мың теңгеден басталып 20 мыңға жетеді. Одан бөлек, спорттық киім және кроссовка тағы бар.
Жезқазғанда да шамамен осы баға, дегенмен кейбір жерлерде 5-10%-ға қымбат. Бірақ, сапалы тауар аз.
Түркістанда мектеп формасын 30-50 мың теңгеге сатып ала аласыз. Ұлдарға арналған жейде 6000 теңге, костюм орташа 30-45 мың теңге, жейде 6-10 мың теңге, қыздарға арналған пиджак 15-25 мың теңге, белдемше (юбка) 6-10 мыңнан сатылып жатыр.
Павлодарда оқушы формасының бағасы 35 мың теңгеден басталады. Қыздарға арналған жейде 3-9,5 мың теңге, белдемше (юбка) 4-10 мың теңге, қыздарға арналған шалбар 5-11 мың теңге, пиджак -12-24 мың теңге, ұлдарға арналған жейде - 4-8 мың теңге, костюм – 30 000 теңге, шалбар - 10-12 мың теңге.
Талдықорғанда мектеп формасына кемі 30 мың теңге қажет. Қыздарға арналған жейде мен белдемше 8000 теңге, ұлдардың костюмі 15-25 мың теңге аралығында сатылып жатыр.
Астана мен Шымкентте таңдау көп, ірі тауар өндірушілердің дүкенінен тікелей алуға болады. Іздесеңіз арзанға табасыз, бір баланы киіндіруге шамамен 25-40 мың теңге жұмсау қажет.

Мектеп формасын таңдағанда бастысы неге назар аудару керек? Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының кеңесіне құлақ ассақ.
«Мектеп формасын таңдау - оқу жылының басында ата-аналар мен балалардың алдында тұрған маңызды міндет. Күні бойы оқушының жайлылығы мен көңіл-күйі форманың қаншалықты ыңғайлы екеніне байланысты. Мектеп формасын таңдағанда назар аудару керек негізгі критерийлерді қарастырыңыз. Алдымен материал, матаның сапасы шешуші рөл атқарады. Пішін жайлылық пен беріктікті қамтамасыз ететін табиғи немесе аралас маталардан тігілуі керек. Теріні тітіркендіретін және ауа өткізбейтін толық синтетикалық маталардан аулақ болыңыз. Киім қозғалысты шектемеуі керек. Баланың қолын еркін көтеріп, отыра алатындығына көз жеткізіңіз», - дейді мамандар.
Жалпы салыстырмалы түрде алып қарасақ, мектеп формасын қолжетімді бағаға алуға болады. Бірақ, негізгі киімдерден бөлек, спорттық киімдер бар сол сияқты артық жейде мен шалбар тағы керек. Сондай-ақ, бала сіз таңдаған киімді алғысы келмеуі мүмкін, бұл жерде баға айырмашылығы бар. Ең бастысы киім ыңғайлы әрі қауіпсіз болғаны абзал. Әрине, ата-ананың қалтасы көтерсе, баласын қымбат әрі сапалы киіндіру мүмкіндігі бар.
Тілге тиек етсек, «Геостатистика» телеграм каналы Қазақстанда мектеп формасының ТМД елдері арасында ең қымбат екенін хабарлады. Порталдың мәліметінше, баланы мектепке киіндіруге кемі 70 мың теңге керек, ал ең арзан мектеп киімдері Әзірбайжанда екен.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа 336000-нан астам бала қабылданды.