Ел өңірлерінде риелтор қызметі қанша тұрады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Бүгінде пәтер сатып алу немесе сату кезінде риелтор көмегіне жүгіну қалыпты жағдайға айналды. Еліміздің қалаларында бұл қызметтің құны әртүрлі. Kazinform агенттігінің тілшісі өңірлердегі бағаны салыстырды.
Қызметтің құнына бірнеше фактор әсер етеді: ең алдымен өңірдегі тұрғындардың табыс деңгейі, нарықтағы жағдай, сондай-ақ агенттіктің беделі мен риелтордың тәжірибесі маңызды рөл атқарады. Сондықтан бір қалада қызмет құны 300 мың теңгеден басталса, басқа өңірлерде ол 500-600 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Тағы бір ерекшелігі, егер пәтер құны 20 млн теңгеден асса, ерекше немесе қымбат баспана болса, онда риелтордың комиссиясы мүлік бағасының белгілі бір пайызына байланысты есептеледі.
Мәселен, Астана қаласында пәтер сатып алу немесе сату кезінде риелтор қызметі көбіне 1-3% аралығында немесе тұрақты баға – 300-450 мың теңге мөлшерінде белгіленген. Ал қымбат тұрғын үй сегментінде комиссия 2-5% дейін өсуі мүмкін.
Атырау, Алматы мен Петропавлда да орташа баға ұқсас - шамамен 500 мың теңге немесе 1-5% аралығында.
Басқа өңірлерде: Түркістан, Шымкент, Семей, Өскемен, Қостанай, Көкшетау, Тараз, Қарағандыда риэлтор көрсеткен қызметі үшін орташа есеппен 300 мың теңге алады.
Талдықорғанда қызмет құны 250 мың теңгеден басталса, Павлодарда ең төменгі баға 350 мың теңге шамасында.

Кейбір қалаларда риелтордың қызмет ақысы мүліктің бағасына қарай есептеледі. Мысалы, Ақтөбеде құны 15 млн теңгеге дейінгі пәтерлер үшін шамамен 150 мың теңге алынса, одан қымбат баспаналарға баға 2% шамасында белгіленеді. Шымкентте көбіне сатып алушы мен сатушының әрқайсысынан 1% алынады, ал күрделі мәмілелерде бұл көрсеткіш 2-6% дейін жетуі мүмкін.
Оралда пәтерді сатуға көмектескені үшін риэлторлар ең кемінде 200-300 мың теңге алады.
Қымбат баспаналарға бөлек тариф қолданылады - мұндай жағдайда комиссия пәтер құнының шамамен 1-3% құрайды.
Ал Қызылордада құны 20 млн теңгеге дейінгі үйлерге шамамен 200 мың теңге алынса, одан қымбат нысандар бойынша мүлікті сатып алушыдан 1% көлемінде комиссия ұсталады.
Пәтерді жалдау нарығы
Жалдау нарығында да комиссия әртүрлі. Көп жағдайда риелторлар бір айлық жалдау құнының 50-100% дейін немесе 10-30% аралығында ақы алады. Мысалы, Таразда бұл көрсеткіш 10% болса, Астанада 20% басталады, Ақтауда - 15%, басқа қалаларда көбіне бір айлық жалдау ақысына тең келеді.
Ипотекалық брокерлердің қызметі Қазақстанда әлі толық дамымаған, тіпті кей өңірлерде мүлде жоқ деуге болады. Қостанайда маман қызметі 150-450 мың теңгеге бағаланған. Ал, әдетте олардың қызмет ақысы несие сомасының 0,5-1% мөлшерінде немесе 50-200 мың теңге аралығында белгіленеді. Кей жағдайларда бұл қызметті банк менеджерлері көрсетеді немесе брокерлерге банктер мен агенттіктер төлейді.
Жалпы алғанда, Қазақстанда риелторлық қызметтің құны келісімге байланысты қалыптасады және нақты бір стандарт жоқ. Сондықтан мәміле жасамас бұрын қызметтің шарттарын, бағасын және риэлтордың қандай жұмыс атқаратынын алдын ала нақтылап алған жөн. Бұл артық шығыннан сақтануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстан қалаларында картоп бағасы қанша тұратынын жазған едік.