Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Палестина Ұлттық Әкімшілігінің орталығында ресми қабылдау өткізілді

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай 3 желтоқсанда Палестина Ұлттық Әкімшілігінің орталығы - Рамалла қаласында тұңғыш рет ресми қабылдау өткізілді, деп хабарлады Аммандағы ҚР елшілігінен.
None
None

Бұл іс-шара Қазақстан мен Палестина арасындағы қарым-қатынастарға жетекшілік ететін еліміздің Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігі тарапынан ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға Палестина Президентінің Әкімшілігі, Ұлттық заң шығарушы кеңесі, мемлекеттік органдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, Рамаллада бекітілген дипломатиялық корпус басшылары және Палестинада тұрып жатқан диаспора өкілдері қатысты. Қабылдауға қатысқан палестиналық ресми тұлғалардың ішінен Палестина Ұлттық Әкімшілігінің Сыртқы істер министрі Рияд аль-Маликиді, Дін істері министрі Махмуд Аббасты, Ақпарат министрі Ғассан Хатыбты, Палестина Президенті Протокол қызметінің Басшысы Невин Сираджды және бірқатар жауапты қызметкерлер атап өтуге болады.

Елші Болат Сәрсенбаев жиналғандарға Қазақстанның 20 жыл ішінде қол жеткізген елеулі жетістіктері туралы баяндап, екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Қабылдаудың басты қонағы болған Палестинаның Сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики өз кезегінде Палестинаның Қазақстанмен әр түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін танытты. Еліміздің тарихи тұрғыдан қысқа мерзім аралығында қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға бере отыра, биік дәрежелі палестиналық ресми тұлға Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың екіжақты және халықаралық деңгейлерде Палестина халқына көрсетіп отырған қолдауы үшін шынайы алғысын білдірді.

Қабылдауға қатысқан мәртебелі қонақтар еліміздің 20 жыл ішінде жүріп өткен жемісті жетістіктері мен қатар, зор болашағына да сенім білдіре отыра, еліміздің халықаралық сахнадағы беделінің арта түсуіне ықылас-тілектестіктерін білдірді.

Аталған мерекелік іс-шаралар Палестина өміріндегі елеулі құбылыс ретінде қарастырылып, еліміздің оң имиджін арттыруға септігін тигізді.

Соңғы жаңалықтар