Ел аумағының 1:50 000 масштабтағы нақты геологиялық картасы әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM — Геологиялық салаға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасау Үкіметтің ерекше назарында болады. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бейінді ведомстволарға осындай тапсырма жүктеді. 

геология
Фото: pixabay.com

— Өнеркәсіп министрлігі осы жылдың соңына дейін ел аумағының 1:50 000 масштабындағы нақты геологиялық картасын жасау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз етсін. Өнеркәсіп министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы карталарды әзірлеудің заманауи әдістеріне көшу жобасын іске асыруға кірісуі керек. Ол үшін озық технологиялар мен пилотсыз ұшу аппараттарын барынша пайдалану қажет, — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың бірінші жарты жылдығының соңына дейін жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы аясында кеңістіктік деректерді интеграциялауды қамтамасыз етуді тапсырды.

— Бұл инвесторларға жер қойнауын пайдалану саласындағы мүмкіндіктер мен шектеулерді көріп, бағалауына мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, геологиялық саланы қолдау, оны қаржыландыру көлемін ұлғайту, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау Үкіметтің ерекше назарында болады, — деді Премьер-министр.

Айта кетейік, 2026-2028 жылдары еліміздің 100 мың шаршы шақырым аумағы зерттеледі.

Соңғы жаңалықтар