18:15, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елбасы 2008 жылғы негізгі жұмыс қорытындылары және 2009 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамдық үрдістері туралы Үкіметтің есебін тыңдады
АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылғы негізгі жұмыс қорытындылары және 2009 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамдық үрдістері туралы Үкіметтің және Ұлттық банктің есебін тыңдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысына 2008 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы хабардар етті. Алдын ала бағалаулар бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 3 пайызға артты. Инфляция 8,5 пайызды құрады. Республикалық және жергілікті бюджеттер кіріс бойынша ? 99,5%, ал шығыстар бойынша - 99%-ға орындалды. 2008 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалды. Ел Президентіне сондай-ақ Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы тұрақтандыру және қаржы секторы жөніндегі бірлескен іс-қимылдары жоспарын жүзеге асыру шаралары жүйесі туралы баяндалды. Ол дағдарысқа қарсы бағдарламаның өзекті бағыттарын жүзеге асырудың нақты тетіктерін, сондай-ақ макроэкономикалық теңдестіруді, әлеуметтік тұрақтылықты, қаржы секторын тұрақтандыруды, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуді, шағын және орта бизнесті қолдауды, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды көздейді. Мемлекет басшысы Үкіметке халықты еңбекпен қамтудағы қосымша іс-шаралардың ауқымды кешенін іске асыру, халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігін қолдау, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасын жеделдетіп іске асыру, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған өндірісті жеделдетіп қалыптастыру, кәсіпкерлікті дамыту және әкімшілік кедергілерді қысқарту бойынша нақтылы тапсырмалар берді. Үкіметке сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар желісі бойынша мемлекеттік сатып алуды отандық өндіріске, оның ішінде шағын және орта бизнеске бағдарлауды тапсырды.Н.Назарбаев экономиканы тұрақтандыруды қолдауға арнап бөлінетін мемлекеттік қаражатты тиімді игеру мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Президент әрбір аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, еңбекпен қамтудың, экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, кадрларды даярлауды және қайта даярлауды қаржыландыруды арттырудың, заңсыз көші-қонға бақылауды қатайтудың, атаулы әлеуметтік көмекпен қамту мен оның сапасын арттырудың аймақтық бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін атап көрсетті.