16:57, 14 Ақпан 2011 | GMT +5
Елбасы алдағы аптада ҚХР-ға мемлекеттік сапармен барады
АНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ағымдағы жылғы 21-23 ақпан аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары өтеді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
«Келіссөздер барасында күн тәртібіндегі екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық және аумақтық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланбақ. Бірқатар екіжақты келісімдерге қол қою жоспарлануда»,-деді ресми өкіл.
А. Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, Н. Назарбаев ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаомен келіссөздер жүргізіп, көршілес елдің бірқатар басқа да басшыларымен кездесулер өткізбек. «Қазақстан тарапы Елбасының Қытайға алдағы сапары қазақ-қытай стратегиялық әріптестігінің дамуындағы маңызды оқиға болатынына сенімді»,-деді ол.