Елбасы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының дихандарымен кездесті

«Будан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрылтайшысы Марат Сәрсенов Нұрсұлтан Назарбаевты жүгері мен соя тұқымдарын өсірумен және сатумен айналысатын шаруашылықпен таныстырды. Егістік алқаптарының жалпы ауданы 3 134 гектарды құрайды, оның 475 гектары - шабындық, 1130 гектары - жайылым.
Шаруашылық мамандары «Земунд Поле» жүгері шаруашылығы институтымен бірлесіп ұзақмерзімдік бағдарламаны жүзеге асырудың барысында алынған ата-аналық формалардың негізінде тұқым өсірумен айналысады. Қазіргі кезеңде жүгерінің 11 гибриді аудандастырылды, қалған гибридтер мемлекеттік сұрыптық сынақтан өткізілуде.
2009 жылы 200 мың тоннаға дейін жүгері гибридтерін өткізу жоспарланып отыр. Шаруашылық бүгінде Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының, Ресейдің Алтай өлкесінің дихандарымен ынтымақтастық орнатқан. Кешенде 200 адам еңбек етеді.
Одан кейін Елбасы «Айдарбаев» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Онда шаруашылық басшысы Ерік Айдарбаев Елбасына егін, мал және бау-бақша шаруашылығымен айналысатын өз ұжымы туралы әңгімелеп берді.
Қазіргі уақытта шаруашылықтың егістік алқабы 1200 гектарды құрайды, ал ірі қара мал басы - 471. 2009 жылы шаруашылық асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы мәртебесіне ие болды. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының несие желісі арқылы сүт-тауарлы ферма құрылысына 282 миллион теңге соманың несиесі алынды. Соңғы екі жылда Австриядан голштинофризка тұқымының 268 бас бойдақ малы әкелінді.
Шаруашылықта сонымен бірге, бау-бақшаға да айрықша назар аударылады. 14 гектар жерге Германиядан әкелінген алма жемісінің аналығы отырғызылған.