09:01, 12 Тамыз 2010 | GMT +5
Елбасы Алматы облысына жұмыс сапарын жасайды
ТАЛДЫҚОРҒАН. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарының аясында бүгін Талдықорған қаласына барады.

Сапар барысында Н.Назарбаев «Жастар» спорт сарайының және Тұңғыш Президенттің Зияткерлік мектебінің ашылу салтанаттарына қатысады деп күтілуде.
Сондай-ақ, Елбасы Тілдер сарайына ат басын тірейді. Республикадағы алғашқы және әзірге жалғыз Тілдер сарайының құрылысы «Ұштұғырлы тіл» бағдарламасына сәйкес Елбасының тапсырмасымен салынған болатын.
Бүгінгі жұмыс сапарын Нұрсұлтан Әбішұлы Достық үйіне барумен аяқтайды. Бұл орталықта облыстық 23 мәдени бірлестік, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Бірлік» жастар қауымдастығы орналасқан.
Ертең, тамыздың 13-інде Елбасы тасқын судан кейін қалпына келтіріліп отырған Қызылағаш ауылына барады.