Елбасы Алматыдағы қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасының жұмысымен танысты
Аталмыш мекеменің доктор, профессорлар құрамымен жүздескен Мемлекет басшысы дәрігерлер қауымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына әрдайым көңіл бөлініп келеді. Бүгінде дәрі-дәрмектердің 80 пайызы сырттан әкелінеді. Біз алдағы уақытта соның бәрін өзімізде дайындайтын боламыз. Ал, сіздердің тараптарыңыздан халықты жақсы медициналық қызметпен қамтамасыз ету күтіледі. Сонымен бірге медициналық жоғары оқу орындары да жақсы мамандар даярлауы қажет. Ашылған жаңа ғимарат соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Осыған сәйкес халықтың денсаулығын жақсартуға үлкен пайдасы тиеді деген ойдамын»,-деді Елбасы.
350 орындық аурухана хирургиялық, травмотологиялық және гинекологиялық бағытта жедел, шұғыл көмек көрсетуге арналған. Аурухана замануи еуропалық құралдармен жабдықталған. 9 операциялық залда бейнебақылауға, операцияны алыс қашықтықтан бақылауға, жасалған ота барысы туралы мәліметтерді сақтауға арналған құрылғылар орнатылған. Аурухана құрылысына тұңғыш рет ерекше материалдар пайдаланылған. Мәселен қабырғалар, еден мен төбе арнайы бактерияға қарсы жабындылармен қапталған.
Нысан желтоқсанның 25 күні пайдалануға берілген болатын. 2006 жылы басталған құрылыстың жалпы құны 7 миллиард 318,3 миллион теңге.
Пайдалануға берілгелі отырған қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасы жоғары мамандандырылған көпсалалы емдеу мекемесі болып табылады. Мұнда Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі аясында қала және республика тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Сонымен бірге ЖШКА Санжар Асфандияров атындағы ҚҰМИ-ның ғылыми базасы болып отыр. Жаңа аурухана Алматы қаласының 250 мың тұрғынына үзіліссіз қызмет көрсетеді. Ауруханада емделеушілердің барлық мәліметтері сақталады және олар қажетті жеріне жіберіліп тұрады. Бұл жұмыстар денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі аясында жүзеге асырылады. Осы жүйені жүзеге асыру барысында ғылыми білім беру мақсатымен шеберлік сабақтары өткізіліп тұратын болады.