Елбасы «Алтынтау» деп атын қойған кенішті игеру индустриялық озық жоба саналады - республикалық басылымдарға шолу
***
Елбасы «Алтынтау» деп атын қойған кенішті игеру индустриялық озық жоба саналады. Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы мақалада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жұмыс бабындағы сапармен «Васильковский КБК» АҚ-ына барғандығы жайында баяндалған. Елбасы комбинат жұмысшыларымен кездесуі барысында елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламамен 144 жаңа өндіріс орны салынатындығын, оның 72-сі биылғы бірінші жарты жылдықта іске қосылатындығын атап өткен. Сонымен қатар Ақмола облысында осындай 12 жоба арнайы бақылауға алынғандығын айтқан. Жарияланымда Н.Назарбаевтың «әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс азулы мемлекеттердің өзін теңселтіп тұрған кезеңде біз жаңа кәсіпорындар салып жатырмыз. Астаналық Ақмола облысында бүгін шын мәніндегі «алтын зауыт» пайдалануға берілді. Бұл көп ұлтты халқымыздың ынтымақ-берекесінің, бауырмалдығы мен бейбітшілік сүйгіш кең жүрегінің, төзімділігі мен табандылығының арқасында мүмкін болып отыр. Баршаңызға бақыт пен амандық тілей отырып, Васильков кенішінің атауын «Алтынтау» деп өзгерту жөнінде ұсыныс айтқым келеді. Ел тарихында айшықты орны бар Көкшетаудың Алтын тауы биіктей берсін!», деген сөзі келтірілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін Азиада ойындарына дайындық және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің кезекті мәжілісі өтті. Кеңеске қатысушылар Азиада нысандарының құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарының барысын, қажетті инфрақұрылымдар тарту жұмыстарын, сондай-ақ ойындарды ұйымдастыру және оны өткізу, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, спорттық және ресми шараларды телерадиотрансляциялау мәселелерін талқылаған. «Мәжілістің қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов мүдделі министрліктер мен ведомстволарға барлық проблемалы мәселелердің жедел шешілуін қамтамасыз етуді тапсырды», деп жазады басылым.
Осы басылымның «Парламент» арнаулы бетінде Мәжіліс депутаты Амангелді Момышевтің «Қашанғы қас-қабағына қараймыз?» деген мақаласы жарық көрді. «Бейресми көздерден алынған деректер бойынша, қырғыз жағының су беруді тоқтатуының туындауына Қазақстан жағының мемлекеттік шекараны жабуы себеп болған сияқты. Елбасымыз шекараны ашуға рұқсат жасағаннан кейін, мамырдаың 20-сынан бастап суды жайлап жіберуге рұқсат берілген. Осындай әрекеттердің арқасында судың басында отырған қырғыздар өмір бойы кез келген жағдайда бізге қоқан-лоққы көрсетіп, бізді қорқынышта ұстамақшы», деп атап өткен депутат бұл орайда Жамбыл облысында суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мақсатында су қоймасын салып, суды көктемде жинап алу керек деген ойын алға тартады. «Әйтпесе, біздің көрген күніміз күн болмауы мүмкін. Сол себепті Қордай, Меркі аудандарында, Тараз қаласының жоғары аумағында су қоймасын соғу қажеттілігі туындап отырғаны анық», деп қорытқан мақаласын Мәжіліс депутаты.
***
«Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы - «Қуғын-сүргінге қатысты НКВД-ның архивін толық ашатын уақыт жеткен жоқ па?». Осы сауалға жауап берген тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «бүгінде түрлі мұрағаттардан өткен тарихымызға қатысты деректерді алуға ешқандай қиындық жоқ. Көптеген құпия материалдар өз ретімен зерттеліп, жарияланып келеді. Қалай болғанда да мұрағаттар қойнауы оны ақтарып, қопарам деушілерге толық ашық. Оның үстіне, кезіндегі НКВД-ның, болмаса басқа да қызметтердің мұрағаттары заң бойынша 30 жылдан кейін-ақ ашыла бастаған. Мәселе тарихшы мамандардың ізденісі мен таным-зердесіне, тақырыпты зерттеуге мүдделілігіне байланысты болып отыр», десе филология ғылымының кандидаты, ҚазҰУ доценті, өлкетанушы ғалым Сағатбек Медеубекұлы «қуғын-сүргін тарихына келгенде біз Кеңес өкіметі кезеңін ғана алып қарап жүрміз. Бұл өзі бүгінгі күнге дейін толыққанды зерттеліп болмаған тарих. Оның үстіне біздің тарихшылар осы мәселеде тек өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарын ғана қамтып жүр. Анығына келетін болсақ, қазақтың қуғын-сүргінге қатысты зобалаң тарихы ұлтымыздың 1731 жылдары Ресей империясына бодандыққа кіргенінен бері бастау алады», деген пікірін алға тартады.
«Табиғаттың тосын мінезін ешкім де тоқтата алған емес. Биылғы кәрі құда қаһарын шығыс жаққа төксе, көктемнің дүлей жауынды-шашынды мінезі оңтүстік тұрғындарын әбігерге салып жатыр. Күніне мың құбылған ауа райы ешкімді де «тосын сыйдан» құр қалдырып жатқан жоқ. Мамырдың 27-сі күні түскі сағат 3-4-тер шамасында күн күрт бұзылып, Сарыағаш ауданының төбесінен шелектеп жауған жауын 40-50 минуттай тоқтамай тұрып алды. Бұршақ та араласты. Соның салдарынан әп-сәтте сай-сайды қуалай аққан су ондағы үйлердің ішіне сумаңдай кіріп, жамбастап жатып алды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Оқиғаның мән-жайын басылымның сенбілік санындағы «Сарыағашты су алды» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
«Айқын» газетінің сенбілік нөмірінде филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Алаш қайраткерлері аштықпен қалай күресті» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарық көрді. Қазақ халқының басына түскен сол бір нәубет жылдар жайында нақты тарихи деректерге сүйеніп жазылған мақаланың егжей-тегжейін оқығыңыз келсе, басылымның сенбілік санына назар аударыңыз.
Алдағы жұма күні республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтары басталады. Осы маңызды іс-шара қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрі Алматы қаласына арнайы барып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген. Жансейіт Түймебаевтың ҰБТ-ыға байланысты журналистердің сұрақтарына берген жауаптарын «Айқын» газетінің сенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқуға мүмкіндік бар.
***
«Астана ақшамы» газетінің сенбілік нөмірінде мамырдың 31-і саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бірқатар мақалалар топтамасы жарияланған.
«Кеше Астанада алғаш рет инновациялық жобалардың форумы өтті», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның баяндауынша елордамыздың экономикасына заманауи технологияларды енгізуді ынталандырып, сұхбат алаңын құруды ниет еткен жиынға еліміздің түпкір-түпкірінен 200-ге жуық делегат қатысып, білім мен денсаулық, экология, ауыл шаруашылығы сынды салаларға тың серпін беретін 60-тан астам жоба ұсынылған.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Астанада Қазақстан Әскери-Әуе күштерінің авиациялық базасының аумағында өтіп жатқан Қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүліктердің І «KADEX-2010» халықаралық көрмесінде болды. Үкімет басшысының назарына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери техника үлгілері мен арнаулы бөлімдерінің қатысуымен көрнекі бағдарлама ұсынылған.