Елбасы Астана күніне орай ашылып отырған Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында болды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз екі күннен бері бірқатар ғимараттардың ашылуына куә болып отырмыз. Ал мына медициналық кластер аясында бұл теңдесі жоқ осы жерде алтыншы нысан болып саналады. Сондай-ақ жетіншісі -кардиологиялық орталық болады. Сонымен Астанамыз денсаулық сақтау бағытында барлық салаларды бүгінгі күннің талабына сай қондырғылармен жарақтанған және арнайы дайындықтан өткен дәрігерлермен қамтамасыз етілді. Бұл орталық халықтың игілігіне жұмыс істеп, талай адамның өміріне арашашы болатын ғимарат деп санаймыз», - деді Мемлекет басшысы.
Аталған орталықтың бас директоры Мұрат Қойшыбайұлының сөзіне қарағанда, оның құрамына көп салалы 25 бөлімшеден тұратын стационар, госпитальге дейінгі оңалту көмек көрсететін жедел жәрдем стансысы кіреді.
«Орталықтың ерекшелігіне тоқталатын болсақ, кез-келген төтенше жағдайда тез уақыттың ішінде жоғары мамандандырылған құраммен көмек көрсете алады. Атап айтқанда, еліміздің өңірлерінен науқастарды санитарлық авиация бойынша қабылдайтын тік ұшақ алаңы жасақталған», - деді ол.
Бас директордың айтуынша, осында жедел жәрдем көрсетуге арналған 15 автокөліктің, алтауы реанимобильдер. Орталықта бір мыңнан астам қызметкер жұмыс істейтін болады. Оның ішінде 230-ы дәрігерлер.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, нысанның құрылысына тапсырыс беруші - Денсалық сақтау министрлігі, бас мердігер «Окан Контракшн» ЖШС. Орталықтың жалпы аумағы 6,6 гектар, ал нысанның аумағы 33 мың шаршы метр. Жобаның жалпы құны - 8 миллиард теңге.