Елбасы Астанада Тұлпар-Тальго жүрдек жолаушылар пойызының вагондарын шығаратын зауытты іске қосты

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Тұлпар-Тальго» жолаушылар пойызы вагондарын шығаратын зауыт ТМД елдері бойынша баламасыз, сондай-ақ халықаралық сапалық көрсеткіштерге сай жобаланды. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ҰК 2010 жылы Испанияның «Патентес Тальго С.Л» компаниясымен Астанада жолаушылар вогонын шығаратын және оған техникалық қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге қол қойған болатын. Осының аясында қала маңындағы индустриялық парктегі аталған зауытта барлық инфрақұрылымдар жасақталды. Зауыт қызметкерлерінің айтуынша, техникалық мамандар біліктілігін Испанияда жетілдірді. Зауыттың жалпы аумағы 21 гектар, ал өндірістік орны 31 мың шаршыметрді құрайды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 150 вагон шығаруға негізделген. Вагондардың конструкциялық жылдамдығы сағатына 200 шақырымды құрайды. Таратылған мәліметтерге қарағанда, бұл зауытта отандық өндірісті игеру деңгейі 2014 жылы 56 пайызға жеткізілмек. Мемлекет басшысы осы «Тұлпар - Тальго» зауытынан шыққан жаңа 9 жолаушылар вагондарын қарап шықты. Сонымен қатар Елбасы зауытта цехтарды, алғашқы жылжымалы құрамның құрылысы барысын көрді. Айта кетейік, жаңа кәсіпорын Қазақстан жолаушылар пойызы қозғалысын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда ауқымды рөл атқармақ. Осы орайда өңіраралық пойыз қатынасының уақыты 2 есеге дейін қысқаратын болады.