Елбасы Астанада жаңадан салынып жатқан «Хазірет Сұлтан» мешітінің құрылысы барысымен танысты

None
None
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада жаңадан салынып жатқан «Хазірет Сұлтан» мешітінің құрылысы барысымен танысты.

«Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып саналады. Ол мемлекет тарапынан емес, адамдардың қосқан қаражатының арқасында салынып жатыр. Мешіттің құрылысы алдағы жылы аяқталады. Себебі, сыртқы безендіру жұмыстарының барлығы жылы уақытта жасалуы керек», - деп атап өтті Елбасы. Мешіт жобасының директоры Шефик Ескендірұлының сөзіне қарағанда, бұл жобаны Сембол Иншаат компаниясы өткен жылы бастады. 1 жыл бойы осы нысанда 1500 адам жұмыс істеді. Жалпы 3 қабаттан тұратын мешітте неке қию залы, асхана, техникалық бөлмелер, имам кабинеті жасақталған. 5000 адамға есептелген мешіттің ауданы 18 мың шаршыметрді құрайды. Осы нысан тұрған жалпы аумақ 12 гектарға жуық жерді қамтып жатыр. «Мешіттің күмбезі Қазақстан бойынша ең үлкен деп айтуға болады. Оның диаметрі 28 метрден астам. Ал биіктігі 52 метрді құрайды. Сондай-ақ бұл нысанның 4 мұнарасының биіктігі 77 метрге созылып жатыр», - деді Ш. Ескендірұлы. Сонымен қатар жоба директоры мешіт жобасы классикалық ислам стилінде салынғанын, онда қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнектері мен декоративті элементтері пайдаланылатынын жеткізді. «Қазіргі кезде біз барша жұмыстардың 90 пайызын аяқтадық. Осыдан кейін ою-өрнек, бояу жағу, декоративті жұмыстар қалды. Қазіргі кезде суретшілерді іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Олар Қазақстаннан, Түркиядан, Италиядан және басқа да бірқатар елдерден шақырылады», - деді ол.

Айта кетейік, мешіт құрылысына қажетті материалдарды жеткізу бойынша 11 ел қамтылып отыр. «Біз барынша жергілікті материалдарды қолдануға тырысып жатырмыз. Алайда, технологиялық жабдықтар Франциядан, Жапониядан жеткізілді», - деді Ш. Ескендірұлы.

Соңғы жаңалықтар