Елбасы Астанадағы тікұшақтарды құрастыратын және қызмет көрсететін зауытты аралап көрді

None
None
АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы  ЕС-145 тікұшақтарын құрастыратын және қызмет көрсететін жаңа зауытты аралап көрді.

Ол бүгін ашылмақ. Зауыттың ресми атауы - «ЕурокоптерҚазақстан инжиниринг» ЖШС. Зауытты «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Еурокоптер» француз кәсіпорны бірлесіп құрған. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен 2010 жылдың 27 қазанында Францияда бірлескен компания құру туралы екіжақты келісімге қол қойылды. Бұл - ТМД аумағында  ЕС-145 тікұшақтарын шығаратын жалғыз зауыт. Сондықтан аталмыш тікұшақтарды алыс-жақын шетелдерге сатуға Қазақстанның бұлжымас құқығы бар.

Жобаны жүзеге асыру үшін 11,5 миллион еуро инвестиция салынды. Оның тең жартысы Францияға тиесілі. Зауытта 68 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл сайын 10 түрлі үлгіде тікұшақтар құрастырылады деп жоспарлануда. «Еурокоптер» компаниясы Қазақстанға тиімді мүмкіндіктер беріп отыр. Яғни, Қазақстан бұл саладағы француздың зияткерлік меншігін, атап айтқанда сауда белгілерін, тың идеяларын және патенттерін қолдана алады.

2011 жылы бірлескен кәсіпорын 6 тікұшақты министрліктердің пайдалануына берді. Биыл тағы 8 тікұшақ осы мақсатта өндірілмек. Сондай-ақ жуырда Астанада өткен «Кадекс-2012» халықаралық қару-жарақ көрмесі кезінде «Еурокоптер» компаниясы мен ҚР Қорғаныс министрлігі арасында меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес, министрлік 20 дана ЕС-725 тікұшағын пайдалануға алуды көзделіп отыр.

Зауыт Астана қаласының әуежайы маңында орналасқан. Оның аумағы 20 гектарды алып жатыр. Ал ғимараттың аумағы 2,3 гектар.  Кәсіпорын аумағында ұшқыштар мен техникалық қызметкерлерді авиация қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық талаптарға сәйкес оқытатын әлемдегі алғашқы академия жұмыс істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар