Елбасы «Атамекен» мемориалды кешенінде Мемлекеттік Туды көтеріп, Астана күніне арналған мерекелік шараларды бастап берді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы биыл осымен екінші рет «Атамекен» кешенінде өткізіліп отыр. Астананың 11 жылдығына осы жерге қорғанды қоса алғанда биіктігі 111 метр жалаусап орнатылып, оған Мемлекет басшысы көлемі 15х30 метр болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерді. Одан кейін сөйлеген сөзінде Елбасы: «Біздің Туымыздың біртұтас түсі - халқымыздың бірлігін, достығын, мемлекетіміздің, еліміздің мемлекеттік шекарасының тұтастығын білдіреді. Біздің мемлекеттілігімізді нығайту, қазақстандықтардың өмірін және халқымыздың ынтымағын жақсарту үшін біз осы Тудың астында барлық іс-шараларымызды өткізетін боламыз. Біздің бағдарламаларымыздың барлығы, мақсаттарымыз бен міндеттеріміз мемлекеттілігімізді нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», деді.
Ту көтеру рәсімінен кейін ҚР Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Н. Назарбаев еліміздегі әскери училищені бітірген жас офицерлерге шен тапсырды.
Астана әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кешен аумағы мемлекет іргетасының мызғымас беріктігін, еліміздің айбыны мен айбарын, оның тарихы мен салт-дәстүрін бейнелейтін Мемлекеттік рәміздер алаңы деп аталатын болады.
Бұдан былай әскери қызметшілердің ант беруі, мемлекеттік қызметшілердің ант беруі, спорт және еңбек ардагерлерін құттықтау, мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыру рәсімдері осы жерде өтетін болады. Сонымен қатар, Республика күніне, Тәуелсіздік күніне, Конституция күніне, Мемлекеттік рәміздер күніне, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шаралар да осы жерде өткізілмек. Бұл жерде мектеп бітіруші түлектерге медальдар тапсырылып, білім күнінде Отансүйгіштік тақырыбында сабақтар өткізіледі.
Айта кетейік, «Мерекелер туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулерден соң 2009 жылдан бастап шілденің 6-сы Мемлекеттік мереке болып табылады.