Елбасы: Біздің көптеген кәсіпкерлеріміз мемлекеттік қолдау шаралары туралы жеткілікті білмейді

None
None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат -  Біздің көптеген кәсіпкерлеріміз мемлекеттік қолдау шаралары туралы жеткілікті хабардар емес. Бүгін елордада өткен Индустриялық форум барысында сөз сөйлеген Елбасы Н. Назарбаев осылай мәлім етті.

«Шағын және орта бизнестің, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін арттыруымыз керек. Бүгінгі күні кез-келген дамыған елдің экономикалық негізін шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Облыс әкімдері дәл осы мәселені қаперге алуылары тиіс. Кәсіпкерлерге көмектесіп, оларды керек болса үйреткендері керек, аяқтан тұруға жәрдем болған абзал. Алайда, біздің көптеген кәсіпкерлеріміз мемлекеттік қолдау шаралары туралы мүлдем аз біледі.  Бұл Экономикалық даму және сауда министрлігінің, «Даму» қорының кемшілігі», - деген Елбасы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Н. Назарбаевтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына үш жыл бойына 80 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл белсенді кәсіпкерлердің бар-жоғы 0,3 пайызын, 1600 нысанды ғана қамтып отыр. «Биыл микрокредиттеуге  12 млрд. теңге бөлінді. Оның төрттен бірін Батыс Қазақстан облысы сұрап отыр. Алайда, Қостанай облысы 174 млн. теңге, Маңғыстау - 200 млн., Алматы облысы -273 млн. теңге сұрап отыр. Сонда қалай? Әлгі облыстардағы жұртшылыққа қаражат керек емес пе?», - деген Президент облыс басшыларының жауаптарын тыңдады.

Соңғы жаңалықтар