Елбасы Елорда күні мерекесіне орайластырылған «Астана кештері» атты I Халықаралық өнер фестивалін тамашалады

Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Халықаралық фестиваль көрермендер қауымына біртума әлемдік музыкамен танысуға бірегей мүмкіндіктер ұсынып отырған қайырымдылық жоба болып табылады. «Астана кештері» - бұл елордалықтар мен Қазақстан астанасының қонақтары үшін өнер және классикалық музыка кеші.
Фестивальдің үш күнге созылатын концерттік бағдарламасына қазақстандық және шетелдік сахна шеберлері қатысады.
Ауқымды жобаның аясында белгілі әншілер Дариға Назарбаева мен Әлібек Дінішев, танымал ресейлік органист Рубин Абдуллин, отандық пианист Тимур Урманчеев, белгілі дирижер Ренат Салаватов, жас опера жұлдыздары Медет Чотабаев пен Андрей Трегубенко өз өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар, фестивальге еліміздің жетекші музыкалық ұжымдары - ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі қатысады.
Фестивальді жыл сайынғы негізде өткізу қарастырылған. Оған таяу және алыс шетелден вокалдық және аспаптық музыка шеберлері, сондай-ақ Қазақстанның үздік орындаушылары шақырылатын болады.