«Елбасы емтиханды сәтті тапсырды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 12 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 ақпан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ съезі болып өтті. Онда Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Асқаралы асулар айқындалды» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы өзінің сөзінде алдымызда тұрған бірқатар шешуші басымдықтар туралы әңгімеледі. Бірінші мәселе ретінде қазақстандықтар өмі­рі­нің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мән берілді. Алдағы он жылдықта біз жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендетеміз. 2014 жылға қарай сомасы 8,1 триллион теңге болатын 294 инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Жүз мыңдаған жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылатын болады. Жаңа еңбекпен қамту стратегиясының басты мақсаты - азаматтардың табыс­та­рын арттыру. Қазақстандықтар - жаңа бағдарламаға қатысушылар оқуға және жаңа кәсіптер меңгеруге дайын тұру­лары керек. Өздерін өздері жұмыспен қамтып жүргендерді еңбекке орналас­тырудың мәні осында.

Сондай-ақ осы басылымда жоғарыдағы тақырыпты жалғаған келесі мақала «Тәуелсіз елің бар, ел бастар ерің бар!» деген тақырыппен берілген. Жарияланым съезд барысында сөз алған елімізге есімі танымал азаматтардың сөздерімен тұздықталған. «Кеше Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» халықтық-де­мо­­кра­тиялық партиясының ХІІІ съезі болып, онда еліміздің бар­лық аумақтарынан келген 600-ден астам делегат Қа­зақ­стан Президенті, партия Төр­аға­сы Нұрсұлтан Назар­баев­ты алдағы болатын сайлауға президенттікке кандидат етіп ұсын­ды. Съезге делегаттардан басқа екі мыңнан астам ша­қы­рыл­ған қонақтар келген екен. Олардың ішінде елімізге барын­ша таны­мал саясат, қоғам және мәдениет қайрат­кер­лері, шетелдік дипломатиялық миссиялар мен партиялар, халықара­лық, жас­тар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бар», - деп жазады басылым. Бұл екі мақаланың байыбына барғыңыз келсе, ел газеті «Егемен Қазақстанның» бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыздар.

***

«Кешегі жұма саяси оқиғаларға толы болды. Әсіресе, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев үшін толассыз жұмыс күніне айналғандай. Түске дейін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ХІІІ съезіне қатысқан Елбасы, түс ауа Орталық сайлау комиссиясын бетке алды. Мұнда алдағы сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысу үшін өтініш берді. Сөйтіп, ханға да, қараға да ортақ талап бойынша барлық үміткерлер секілді Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның қазақ тілінен емтихан тапсырды», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік нөміріндегі «Елбасы емтиханды сәтті тапсырды» деген мақаласында. Емтиханнан шыққаннан кейін журналистерге сұхбат берген Н.Назарбаев мұндай сынақты бірінші рет тапсырып отырмағанын атап өткен. «Ел Конституциясына сәйкес басқа кандидаттар сияқты мен де бұл емтиханнан өттім. Емтиханды сәтті тапсырдым және олар оны қабыл алды деп есептеймін. Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілін әрбір азамат білуі тиіс», - дейді Н.Назарбаев.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарында ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері Вилорий Пакпен арадағы сұхбат «Жалпы, қазақ жерінде талантты жастар жетерлік» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол Қазақ жерінде туып-өсіп, қазақтың қасиетті топырағынан нәр алған азаматтың қазақ тілін білмеуі ұят екендігін, өзінің мемлекеттік тілді ғана емес, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін де жақсы білетіндігін баса айтқан. Тілшінің кейбір мамандардың "қазақтар тек бокс пен күреске ғана бейім" деген сөздерін алға тартып, бұған не дейсіз деген сауалына ол: «Бұл - бос сөз. Сандырақ. Жалпы, қазақ жерінде талантты жастар жетерлік. Дарындыларды ірі қалалардан да, ауылды жерлерден де табуға болады. Соларды көптің ішінен жазбай танып, дұрыс баптай алсаң болғаны. Сонда талай өреннің бағы ашылатыны сөзсіз. Осы орайда "Егер олай болса, қазақтар арасынан чемпиондар неге шықпай жатыр?" деген сауалдың туындауы заңды. Оған айтар жауабым дайын. Өйткені бірқатар спорт түрлері бойынша бапкерлік қызмет атқарып жүргендер - өзге ұлт өкілдері. Солардың көбінің қазақ жастарын тәрбиелеп, үлкен аренаға шығаруға аса құлқы жоқ. Басты себеп - осы», - дейді.

***

«Солдатское ущелье» дегенді «Азиада шатқалы» деп өзгертсек қайтеді...». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірінде жарық көрген мақалада Дүниежүзінің назарын бір өзіне аудартқан жетінші қысқы Азия ойындарын ешқашан ұмытылмастай, халық жадында мәңгіге сақтап қалу мақсатында ойындар өткен нысандардың бірін Азиаданың құрметіне «Солдатское ущелье» дегенді «Азиада шатқалы» деп атауды ұсынады. Сондай-ақ жарияланымда білікті мамандардың пікірі де берілген. Мәселен, шаңғы спортынан ұлттық құрамамыздың бас бапкері: Александр Батяйкин «Мен бұл ұсынысты екі қолымды көтеріп, қолдаймын. Себебі Ақ Азиада елімізде тұңғыш рет өтті. Оның үстіне, бұл жердегі шаңғы-биатлон стадионы Азия ойындарына арнайы салынды», - дейді. Ал Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасы, талдау, үйлестіру және ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Ермек Ақшабаев: «Өте тамаша ұсыныс екен. Бұл бастаманы қолдайтындар болса, біз қостауға дайынбыз. Оның үстіне, ешкім әлгі жерді қазақша «Сарбазсай» атамайды. «Солдатское ущелье» деп жүр. Яғни, орысша атау. Сондай-ақ Талғар ауданының жер-суларында «Солдатское ущелье» деп бекітілген атау мүлдем жоқ. Ол жай халық аузында солай аталып кеткен. Ал оны құжаттастырып, «Азиада шатқалы» деп атасақ өзімізге жақсы емес пе? Елімізде тұңғыш рет өткен қысқы Азия ойындарын мәңгілікке халық жадында сақталатындай етсек, қандай ғанибет»,- дейді.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, бүгінде құдық қазатындар қат мамандардың қатарына енуі мүмкін. Өйткені оңтүстік өңірінде ауызсу тапшылығы осы мамандарға деген сұранысты арттырып тұр. Бұл жайында басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Оңтүстікке құдық қазушылар керек» деген мақалада тарқатыла жазылған. «Арғы жылдары Ұзынарық ауылына су құбырлары жүргізілетін болып, көше-көшенің бәрін қазып, құбыр тастады. Ауылдықтар бөркін аспанға атып қуанған. Алайда бұл көзбояушылықтың созылғанына да екі жылға жуықтады. Су да жоқ, берілген уәде де құмға сіңген судай болды. Көмілген құбырлардың шіріп кеткеніне шәк келтірмейтіндердің қатары артты. Осы себептен де бүгінде құдық қазушылардың тасы өрге домалап тұр. Бұл кәсіпті нәсіп еткендер құдықтың бір метрін 1,5-2 мың теңгеден қазып жүр. Ойлы-қырлы жер болғандықтан біреулердің ауласынан 20 метрден су шықса, енді біреулердікінен 28-35 метрден шығып жатады. Есептей беріңіз. Апта ішінде, болмаса екі аптада әжептәуір ақшаның басын құрап, қалтаға басады», - делінген мақалада.

***

«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ХІІІ съезіне орай «Стратегия единства, процветания и прогресса» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Президентінің өкілеттігін референдум арқылы ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы бастамашы топтың жетекшісі болған Ерлан Сыдықов Назарбаевты партияның атынан 2011 жылы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынды. «Осылайша мен партияның бүкіл мүшесінің көңілін білдіріп отырғаныма сенімдімін. 5 миллионнан астам қолдың жиналғандығы қазақстандықтардың Елбасы келешекте де мемлекетті өзі басқара беруін қалайтынын көрсетті», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар