Елбасы Инновациялық жобалар көрмесінің жұмысымен танысты

Көрме барысында Мемлекет басшысына ҚР-ына қазақстандық компаниялар үшін арнайы әкелінген еуропалық технологиялар көрсетілді.
Мұндай көрме ТМД-да алғаш рет өткізіліп отыр. Көрмені ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттік», АҚ ЕО-ның Қазақстандағы 7-Негіздемелік бағдарламасы Ұлттық үйлестіру орталығымен бірлесіп өткізді.
Еске сала кетейік, «Еуропалық одақ-Қазақстан: инновацияға ынтымақтастық арқылы» еуропалық технологиялар көрме-жәрмеңкесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен оның 2012 жылғы қазандағы Австрия Республикасына сапары және Еуропалық Одақ сарапшыларымен кездесуі қорытындылары бойынша ұйымдастырылды. Президент қазақстандық компаниялардың қызығушылығын тудыратын үздік технологияларды іріктеп алуды тапсырған болатын.
«Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік» АҚ қазақстандық компаниялармен бірлесіп, көрме-жәрмеңкені өткізу үшін 15 технология мен жобаны одан әрі өндіріске енгізу үшін іріктеп алды. Көрмеге мұнай химиясы, машина жасау, нанотехнология, болашақтың энергиясы, энергетика және басқа да салалар бойынша технологиялар қойылды. «Қазақстандық компаниялар еуропалық технологиялар жасаушылармен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық және технологиялар трансферті жөнінде шарттар немесе келісімдер жасасуға уағдаласа алады», - деді «Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов.
Еуропалық ғылыми бағдарламалардың Қазақстандағы InExCB-KZ базалық ұйымының директоры Кәмила Мағзиеваның айтуынша, 15 жобаның 12-сі қазірдің өзінде технологияларды енгізуге дайын. Мәселен, Швециядан әкелінген ағын суларды автоматты энергия тиімділігімен тазарту жүйесіне «Қазақмыс ПЛС» компаниясы қызығушылық білдірді, Израильден жеткізілген таза наноалмаз ұнтағын алу технологиясын «ҚазАтомӨнеркәсіп» қалап отыр. Ал Германиядан әкелінген жоғары тиімді күн коллекторы Назарбаев Университеті үшін жеткізілді, ал Испаниядан әкелінген сүзіп-тазарту және газдандыру әдісімен шиналарды кәдеге жарату технологиясына «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту және дамыту орталығы» сұраныс беріп отыр.
«Бұл бастама одан әрі жалғастырылады және қазақстандық компаниялардың жаңа технологиялық деңгейге шығуына көмектеседі деген сенімдеміз. Біз IncoNet CASC жобасына көрмені ұйымдастыруға зор қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз», - деп атап өтті К.Мағзиева.
Көрмені сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов пен Үкімет басшысының орынбасары Әсет Исекешев те аралап көрді.
Еске сала кететйік, көрме «Қазақстанның инновациялық дамуы - білімдер экономикасы жолында» атты VIII Инновациялық конгресс ауқымында өткізілуде және Қазақстан мен ЕО арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орайластырылып отыр. Инновациялық конгресс Астана экономикалық форумының инновациялар бойынша жыл сайынғы басты шараларының бірі болып табылады.
Инновациялық конгресс Астана экономикалық форумының ауқымында төрт жыл бойы қатарынан өткізіліп келеді және ол қысқа мерзімде халықаралық маңызы зор ірі шараға айналды. Осы кезеңде Инновациялық конгресс алаңында 20-дан астам елден 130-дан астам спикер сөз сөйледі. Конгресс ауқымында 100 млн. АҚШ долларынан астам экономикалық тиімділік беретін 40-тан астам меморандумдарға қол қойылды. Инновациялық жобалар көрмесі аясында 90-нан аса қазақстандық инновациялық жобалар таныстырылды.