Елбасы Қарағандыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына салынған спорт кешендерімен танысты

РАҒАНДЫ. 21 қараша. ҚазАқпарат /Ольга Петренко/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай салынған Қарағандыдағы жаңа спорт кешендерінде болды.
None
None

Мемлекет басшысына теннис орталығы, бокс орталығы және мұз айдыны сарайы көрсетілді. Жаңа мұз айдыны сарайында қазақстандық №1 мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, ресейлік танымал конькишілер Алексей Ягудин мен Дмитрий Лапшин өнер көрсетті.

«Мен қарағандылықтарды Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тамаша спорт нысандарымен құттықтаймын. Бұлар менің тапсырмаммен салынған тамаша сыйлық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Қазақстан Тәуелсіздік мерейтойын экономикада және әлеуметтік салаларда үлкен табыстармен қарсылауда», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

«Егер тәуелсіздігіміз болмаса, мұндай нысандар да болмас еді», - деп атап өтті ҚР Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жастарды спортпен белсене айналысуға шақырды.

«Қазіргі заманда өмір өте күрделі. Тек қана білімі мен денсаулығы бар адам ғана жеңіске жетеді», - деді Елбасы.

Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовтің айтуынша, жаңа спорт нысандарының құрылысын жеке инвесторлар қаржыландырған.

«Бұл жобалар мемлекеттік-жеке әріптестік ұстанымдарының тиімділігін көрсетеді. Жаңа спорт кешендерін салу барысында, халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи талаптар ескерілген», - деп атап өтті Серік Ахметов.

Бокс орталығы екі рингтен тұрады. Ғимарат ауданы - 5300 шаршы метрден асады. Зал 800-ге жуық көрерменге арналған. Спортшылар үшін жаттығатын және тренажер залдары, қонақүй кешені бар. Бокс орталығында Қарағанды облысы бокс федерациясының кеңсесі орналасатын болады. Бұл жерде Қарағанды облысының Серік Сәпиев, Ержан Мүсәпіров сияқты атақты боксшылары мен облыстың жетекші спортшылары жаттығады деп жоспарланып отыр. Жаңа орталықта бокс бойынша ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарын, сондай-ақ республикалық және халықаралық жарыстарды өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге орталық жас қолғап шеберлерінің дайындалатын орнына айналмақ. Бұдан басқа, спорт залы талаптарға сай болғандықтан, бұл жерде «Қарағанды» волейбол клубы да жаттығатын болады.

Мұз айдыны сарайы кәсіби спортшыларға ғана емес, әуесқой адамдарға да арналған. 15500 шаршы метрден астам ауданды қамтитын ғимарат залының ішіне 5500-ден астам көрермен сияды. Бұл нысанның құрылысына 2 млрд. теңгенің үстінде қаржы жұмсалды. Жаңа Мұз айдыны сарайы заманауи талаптарға сай, ол Құрлықтық хоккей лигасы деңгейіндегі ұлттық чемпионаттарды, халықаралық жарыстарды, әлем, Азия чемпионаттарын өткізуге мүмкіндік береді. Орнатылған климат-бақылау жүйесінің арқасында мұз алаңында 6-7 градус суық болған кезде, көрермендер жайлылығы үшін трибуналарда 18-20 градус жылы болады. Мұз айдыны сарайында шайбалы хоккейден облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтер балалар мен жасөспірімдер мектебі орналасады. Сондай-ақ бұл жерде жас мәнерлеп сырғанаушылар мен шорт-трек шеберлері дайындалатын болады. Мұз айдыны сарайының аумағында көлемі 1800 шаршы метр ашық хоккей корты жабдықталған.

Барлық үш спорт нысанының құрылысы өткен жылдың мамыр айында салына басталған.

Үш жабық және бес ашық корттары бар жаңа теннис орталығы 5300 шаршыметрді құрайды. Мұнда 400-ден астам көрермен спорт жарысын тамашалай алады. Спортшыларға жаттығу залы мен массаж кабинеті жабдықталған. Сонымен қатар, орталықта қонақүй орналасқан. Оған қоса, теннис орталығында олимпиадалық резервтер облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебі орналасатын болады.

Соңғы жаңалықтар