Елбасы Қарағандыдағы «ҚазБелАз» қазақ-беларус бірлескен кәсіпорнының жұмысымен танысты

Бұл зауыт «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің филиалы болып табылатын Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында құрылған. Қарағанды облысы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жобаның жалпы құны 70,2 млн. долларды құрайды. Қазіргі уақытта зауытқа құрал-жабдықтар орнатылып, мұнда жұмыс істейтін қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның басты мақсаты «БелАз» карьерлік техникаларын «МоАз» жер асты техникалары тетіктері мен агрегаттарын күрделі жөндеу жөніндегі өндірісті құру, «БелАз» карьерлік самосвалдарын жөндеу үшін қосалқы бөлшектерді шығару болып табылады.
Осы зауыттың механикалық құрастыру цехының технологі Жұмағали Аймышевтің айтуынша, зауыт толықтай іске қосылғасын еліміздің тау-кен өнеркәсібіне қажетті техникалар «ҚазБелАз» маркасымен осында шығарылатын болады.
«Келешекте осы зауытта құрастырылатын техникалармен еліміздегі өндірістерді, шахталарды қамтамасыз етеміз», деді ол. Оның айтуынша, келешекте зауытта 1 жылдың ішінде салмағы 45 тонна болатын Белаз машинасының 10, салмағы 90 тонна болатын Белаз машинасының 5 шығару жоспарланып отыр. Бұл зауыттағы шығарылған машиналар тау-кен өнеркәсібінде, сондай-ақ карьерлерде кендерді тасу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар 2015 жылға қарай зауыттағы қазақстандық қамтудың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Келешекте зауытта шығарылатын машиналарды ТМД аумағына экспорттау көзделуде. Жалпы жобаны жүзеге асыру кезеңі 2009-2015 жылдар аралығын қамтиды.