Елбасы: Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел!

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел! Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлімдеді.
None
None

«Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы», - деп атап өтті Н. Назарбаев. Бұл ретте Мемлекет басшысы Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізгенін, еліміздің жүрегі елорда тұрғызылғанына тоқталды. «Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел», - деді Ұлт Көшбасшысы. Сонымен қатар, Президент Мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алынғанын алға тартты. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екені баршаға мәлім. Бұл - әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтің түйіні біреу ғана, ол - Мәңгілік Ел», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар