12:52, 10 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Елбасы: Қазақстан - ҚХР-дың достық қатынасты жоғары бағалайтын сенімді серіктесі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян Қазақстанға сапарлайды. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші болып тағайындалған бірқатар шетелдік дипломаттан сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Қазақстан Қытай Халық Республикасының достық қатынасты жоғары бағалайтын сенімді стратегиялық серіктесі. Біз дәстүрлі тату көршілікті, өзара сенімді нығайтып, жан-жақты серіктестікті кеңейтуге ниеттіміз. Бұл орайда Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян елімізге алдағы сапарының мәні зор»,- деді Н.Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін ҚР Президентіне Италияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньян, Швеция Елшісі Кристиан Камилл, Чех елшісі Элишка Жигова, Литва елшісі Витаутас Наудужас, Мысыр елшісі Хайсам Салах Камел Ибрагим, Үндістан Елшісі Харш Кумар Джайн, Македония Елшісі Илья Псалтиров, Қытай Елшісі Чжан Ханьхуэй сенім грамоталарын табыс еткен болатын.