Елбасы: Қазақстанның Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына итальяндық компаниялар қатысады
«Италия Республикасы Қазақ елі үшін жетекші сауда-экономикалық серіктес, ірі инвестор болып саналады», - деді Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы іс-қимылға 2009 жылы қол қойылған Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарт ерекше сипат беретіндігін баса айтты.
«Премьер-Министр Маттео Ренцимен келіссөздерім барысында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Индустриалды-инновациялық даму жөніндегі бағдарламамызға итальяндық компаниялар қатысатын болады», - деді ҚР Президенті.
Айта кетейік, бүгін ҚР Президентіне Италияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньян, Швеция Елшісі Кристиан Камилл, Чех елшісі Элишка Жигова, Литва елшісі Витаутас Наудужас, Мысыр елшісі Хайсам Салах Камел Ибрагим, Үндістан Елшісі Харш Кумар Джайн, Македония Елшісі Илья Псалтиров, Қытай Елшісі Чжан Ханьхуэй сенім грамотасын табыс еткен болатын.