Елбасы кітапханасындағы көрмелер және тарихи жәдігерлер таныстырылды

Елордадағы бірқатар ұжымдардың қызметкерлері елбасы кітапханасындағы көрмелермен және тарихи жәдігерлермен танысты. Айталық, екінші қабатта орналасқан көрмелер «Қазақстан патриоты», «Сөз құдіреті» және «Еуразия жүрегінде» деп аталған. Оның ішінде көптеген елдердің басшылары әлем дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевты марапаттаған мемлекеттік наградалар бар. Сондай-ақ әртүрлі бағалы сыйлықтар да орын алған. Осы көрмеден қазақстандық танымал спортшылардың тарту еткен сыйлықтарын да көруге болады. Елбасының жазған кітаптарымен, әр кезеңде түсірілген фотосуреттермен де танысуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар суретші Нұржан Қарымсақовтың «Ұлы Дала елі» атты жеке көрмесі де орын алған.
Елбасы кітапханасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты арнайы тұжырымдама қабылданған және нақты жоспар бекітілген. Соған орай 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында атаулы, яғни, жұлдызды күндер белгіленді. Әрбір күннің атауы бар. Мәселен, 21 қараша Қазақстан Республикасының Конституциясына арналды. Ал 14 және 15 желтоқсан күндері сәйкесінше «Астана» және «Мәңгілік Ел» деп аталады. Атаулы күндердің әрқайсысына дайындық жасалады. Үлкен экраннан шағын деректі фильм көрсетіледі. Архивтен алынған материалдар, фотоқұжаттар көрермен назарына ұсынылады. Ең бастысы, тақырыпты ашуы керек. Елбасының Жарлықтарынан, шешімдерінен, қаулылар мен бағдарламалардан үзінді келтіріледі. Мемлекет басшысының өз қолымен жазған нұсқаулары да бар.
«Елбасы саясатын насихаттау, оны халыққа таныстырып отыру - біздің жұмысымыздың басты бір бағыты. Біздің негізгі мақсатымыз - Қазақстан Президентінің жаһандық идеяларын, жоспарлары мен бағдарламаларын, тапсырмаларын ілгерілету. Сонымен қатар Елбасының саяси басқарушылық тәжірибесін терең зерттеп, зерделеп, оның дара тұлғалық қабілетін түсінуіміз керек. Соның ішінде «Назарбаев феномені», «Қазақстан жолы», «Мәңгілік Ел» ұғымдарын қалай түсініп жүрміз? 100 нақты қадамды қалай іске асырып жатырмыз? Міне, осы жағына баса мән беріледі. Өйткені Елбасы Қазақ елінің негізін қалаған тұлға. Бүкіл әлем мойындаған адам»,- деді аталған кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Илиясұлы Қуанышев.
Кітапханада басқа да көптеген іс-шаралар өтіп тұрады. Мысалы, өткен жылдың қазан айынан бері басшылықтың тапсырмасы бойынша «Әлемді өзгертетін идеялар» атты семинар-тренинг тұрақты түрде өтіп келеді. Соның ішінде 100 нақты қадам бағыттарын жастарға түсіндіру мақсаты алға қойылды. Бұған мектептердің 9-10 сынып оқушылары және жоғары оқу орындарының 2-4 курс студенттері тартылды. Бір жылдан астам уақыттың ішінде республика бойынша 3700-ге жуық жас өрен осы семинарларға қатысты. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табатын болады.
Айта кету керек, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы» ММ Президент Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2014 жылдың 13 наурызындақұрылды. Мекеменің мақсаты - Президенттің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Президенттің ойлары мен бастамаларын ел ішінде және шет елдерге де таныту.