Елбасы мақаласындағы мәселелер шәкірттеріміздің жұмыстарынан көрініс тауып отырады - Сейітқали Шалабаев
сайтынынАСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда біз өз шаңырағымызда «Ұлт руханиятының темірқазығы» атты дөңгелек үстел өткіздік. Онда шәкірттерімізге Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының мән-мағынасын түсіндірдік, деп жазады О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сейітқали Шалабаев «Алматы ақшамы» газетінде жарық көрген мақаласында.
Ондағы әрбір бөлімге тоқталып, ұлттық құндылықтарымызға тереңірек үңіліп, бәрін егжей-тегжейлі таразыладық. Бұлайша терең мән беруіміздің де өз себебі бар. Біз, яғни 80 жылдық тарихы бар О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің оқытушылары кескіндеме, мүсін, сәндік театр өнері, интерьер, киім, графика дизайны, көркем тоқыма, әшекейлеу, ағашты, қышты, металды көркемдеп өңдеу мамандықтары бойынша мамандар оқытып шығарамыз. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қырының» бір бөлшегін біздің өнер ордасынан да табуға болады.
Мысыр пирамидалары, Галикарнас кесенесі, Родос алыбы, Александрия маягы, Эфестегі Диана ғибадатханасы, Олимпиядағы Зевс мүсіні және Семирамиданың аспалы бағы секілді әлемнің әйгілі жеті кереметі қазіргі уақытта бүкіл адамзат қауымына белгілі тарихи жәдігерлер. Мұнан өзге дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі осы тектес тарихи мұралар «әлемнің жиырма жеті кереметі», «әлемнің отыз жеті кереметі» деген ұғымдар шегінде әлемдік қауымдастыққа танымал.
«Ұлы даланың жеті қырында» нақты көрсетілген міндет-мақсаттарды орындап шығатын болсақ, осы әлемдік кереметтердің қатарынан біздің де табыларымыз сөзсіз. Әр халық немесе мемлекет өз аумағында пайда болған адамзат мәдениетінің асыл құндылықтарына жататын ескерткіштерді түгендеп, ардақтауға ұмтылуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ елі тарихи ескерткіштерге мейлінше бай.
Қазақ халқының дүниетанымында жеті саны аса қасиетті hәм қастерлі сан. Оның мәні мен мағынасын ашып, тылсым құпиясын шешуге ұмтылмай-ақ, «жеті қат көк», «жеті қазына», «жеті жұт», «жеті жарғы», «жеті өнер», «жетісін беру», «жеті шелпек», «жеті күн», «жеті қарақшы» секілді жеті санымен байланысты тағы да басқа ұғымдардың қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен көзқарасында ерекше орны бар екенін айтсақ та жеткілікті.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы біздің кім екендігімізді анықтап, ендігі жүрер жолымызды нақтылап белгілеп берді. Елбасы айтқан ұлы даланың жеті қырының қай-қайсы да қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ елінің рухани байлығының айшықты белгісі - «аң стилі өнері», бүкіл әлемді тамсандырған дала өркениетінің жәдігері - «Алтын адам», түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алатын түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген - Ұлы Жібек жолы, Қазақ елінің ұлттық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жәйт қана емес, сонымен қатар, әрбір қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар. Елбасы мақаласында көтерілген осы мәселелердің бәрі де біздің дарынды шәкірттеріміздің күнделікті шығармашылық жұмыстарынан көрініс тауып отырады десем, артық айтқандығым емес. Сондықтан алдағы уақытта колледждің оқу үрдісіне, яғни курстық және дипломдық жұмыстарға ұлы даланың жеті қырын жеке-жеке тақырып ретінде қосу керек деп жоспарлап отырмыз.
Өнерді сүйетін талантты жастардың ой-танымын, шеберлігін шыңдайтын, шығармашылық ізденімпаздығын ұштайтын киелі өнер шаңырағындағы алқалы басқосуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші-қалпына келтіруші (реставратор), ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркемөнер академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Қырым Алтынбековті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, археолог, тарих, этнология және музеология кафедрасының доценті, тарих ғылымының кандидаты Ғани Омаровты да арнайы шақырдық. Меймандар жастарға дала өркениетінің кереметтерін әңгімелеп берді.
Қырым Алтынбеков - мақаланың төртінші қырында тарқатылған, сондай-ақ, «Қазақстанның жеті кереметіне» енген «Алтын адам» мұрасы бойынша көп жұмыс атқарған азамат. «Алтын адамның» киімдері мен әшекей бұйымдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарының ерекше тәсілін ойлап тапқан реставратор. Қазір әлемде Қырым Қасенханұлының сол тәсілі бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін айта кетсем, артық болмас.
Алтын адам - әлемге мәшhүр сақ тайпалары өмір сүрген нақтылы кезең мен олардың әдет-ғұрпын, мәдениетін айрықша дара көрсететін тарихи мұра. «Алтын адам» алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, арқар, таутеке, түрлі құс бейнеленген қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген. Көйлектің сыртына киілген қызыл бояумен боялған былғары бешпетті безендірген алтын бұйымдар үш мыңға жуық.
Бас киімнің маңдайшасындағы қанатты әрі мүйізді аттардың өзі сақтардың дүниетанымындағы ерекшеліктерді білдіреді.
«Алтын адамның» әшекейлері арасында ою-өрнектердің геометриялық, өсімдік тектес түрлері көптеп кездеседі. Әсіресе, жапырақтар мен өсімдік сабақтарының пішініндегі ою-өрнектер кеңінен қолданыс тапқан.
«Алтын адам» табылған Есік обасындағы металл бұйымдардың басым көпшілігі құйылып жасалған. Сонымен қатар, оларда қалыптау, бедерлеу технологиясы пайдаланылған. Бұл сақ шеберлерінің металл өңдеудегі, мүсін құюдағы, мүсінді бедерлеудегі техникалық жабдықтарды қолдана білгендігін айғақтайды. Сақ шеберлері өндірісте материалдарды, яғни металды, ағашты, матаны, теріні кеңінен қолданған. Олар бір бұйым жасау барысында металл мен ағашты, тері мен матаны, түрлі металды өзара үйлестіре білген.
«Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері - металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді», - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласының «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» деген бөлімінде.
Міне, ұлы дала өркениетінен мұра болып жеткен осы ежелгі әдістерді қазіргі таңда біздің колледждің студенттері жалғастырып жүр. Біз олардың жұмыстарымен әрдайым мақтанып жүреміз. Көптеген халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып, шығармашылық байқаулар мен фестивальдардың жүлделі орындарын иеленіп келеміз. Әсіресе, шетелдіктер біздің студенттердің қолынан шыққан кескіндемелерге, ұлттық әшекейлерге, қыш, металл және ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдарға, тоқыма туындыларына аса қызығушылық-құрмет білдіріп, таңғалыстарын жасыра алмай жатады. Ал сол жас шеберлерімізге Мәскеу, Петербор, Алматы, Ташкент қалаларының және Ресейдің басқа да ірі орталықтарында жоғары оқу орындарын бітірген, қазіргі заман талаптарына сай кәсіптік деңгейде білім беретін жоғары дәрежелі ұстаздар дәріс беріп, олардың ұлттық өнерге деген құштарлығын арттырып, нағыз шеберлерді дайындап жүр.
Иә, біздің колледж дарынды жастардың ой-таным шеберлігін шыңдайтын, шығармашылық ізденімпаздығын ұштайтын киелі өнер ошағы. Өйткені, ол Қазақстанда тұңғыш шаңырақ көтерген өнер саласындағы ең алғашқы оқу орны болып саналады. Оның атағын әйгілі еткен елімізге белгілі қазақ бейнелеу өнерінің қайраткерлері: КСРО Халық суретшісі, Ресей Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, Халықаралық Ғылым академиясының құрметті академигі Қ.Телжанов, КСРО Халық суретшілері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары С.Мәмбеев, Х.Наурызбаев, М.Кенбаев, Ү.Әжиев, Ж.Шарденов, А.Ғалымбаева, Г.Исмаилова, Ә.Хайдаров, М.Калимов, Ы.Қарсақбаев, С.Айтбаев, Е.Мергенов, Е.Сергебаев, Т.Досмағамбетов, Б.Зәуірбекова. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткерлері: Т.Әбуов, А.Ақанаев, Б.Досжанов, А.Жұбанов, К.Муллашев, Е.Тұяқов, Д.Шоқпаров, Д.Сүлеев, А.Дүзелханов және тағы басқалар.
Жалпы, дамыған мемлекеттердің еңбек нарығында лицей және колледж бітірушілердің қажеттілігі өте жоғары. Атап айтар болсақ, АҚШ, Жапония, Еуроодақ елдерінің жұмыспен қамтылған халқының құрылымында лицейлер мен колледждерді бітірген мамандар 60 пайызды құрайды екен. Сондықтан біздің студенттер де болашақта елінің қабырғасына бір кірпіш болып қаланары сөзсіз.
Елбасы өз мақаласында: «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін - аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады», - деді. Бұл мақсатты жүзеге асыруда біздің ұстаздардың да, ұлы дала ұрпақтары - студенттердің де үлес қосатыны, айшықты олтаңбаларын қалдыратыны сөзсіз.
«Рухани жаңғырудың» заңды жалғасы ретінде қабылданған бұл бағдарламалық мақаланың төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бағалайтын және оны мақтан тұтатын әр қазаққа берері мол деп білемін.
Фото: kg-tv.com сайтының видеобейнесинен алынған скриншот