Елбасы Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсімімен Астана күнін бастап берді

None
None
АСТАНА.  5 шілде. ҚазАқпарат -  Бүгін Елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан дәстүр бойынша «Атамекен»  этно-мемориалды кешенінде Астана күнін мерекелеудің басталғанын білдіретін Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсімін ашты.

«Биыл бас қаламыздың Арқа төсінде орын алғанына 15 жыл болады. Содан бері аз уақытта елордамыз өзіндік  дәстүрді қалыптастырды. Елдің ең мерейлі мейрамдарының бірі болып Астана күні мерекеленуде», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент елорда күні қарсаңында қала аспанында қыран бейнелі байрағымызды көтеру дәстүрге айналғандығын қадап айтты.

«Оның өзіндік мәні бар. Тәуелсіз еліміздің төрінде асқақ туымыздың желбіреуі еліміздің мерейі, Алаштың абыройы болып саналады. Бұл сәтте әрбір қазақстандықтың кеудесін мақтаныш, жүрегін шуақ кернейді деп санаймын», - деді Елбасы.

«Ұрпағына туың жығылмасын деп бата берген халқымыз үшін көтерілген байрақ ерлік пен елдіктің, бірліктің белгісі», - деп түйіндеді Н. Назарбаев.

Кешеннің үстінде орналасқан тудың өлшемі 15Х30 метрді құрайды. 111 метр биіктікте желбіреп тұрғандықтан, ол елорданың кез келген жерінен көрінеді. Сөз соңында Мемлекет басшысы қала күніне орай Мемлекеттік ту көтерілгеннен кейін барша Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар