Елбасы металлургтерді Қазақстан Магниткасының 50 жылдық мерейлі тойымен құттықтады

«Баршаңызды Қазақстан Магниткасының 50 жылдық мерейлі тойымен құттықтаймын! Бұл тарихи мәні зор оқиға бүгінгідей көз алдымда. Бұдан жарты ғасыр бұрын елімізде бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп алыбы дүниеге келді. Сарыарқа төсіндегі сол тұстағы шағын Теміртау қаласы қайнаған өндіріс ошағына айналды. Осында тұңғыш шойын қорытпасы алынды», деді салтанатты жиында Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Магниткасы - еңбектің еңселі ескерткіші екенін атап көрсетті. «Көзінде от ойнаған, жүрегінде жалын маздаған жастар алғашқы домна пешін 2 жылда іске қосты. Қарапайым еңбек адамдарының бұл ерлігі мәңгі ұмытылмайды», деді Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, Қазақстан Магниткасы - халық бірлігі мен жасампаздығының жарқын үлгісі. Мұнда алуан түрлі ұлт өкілдері жұмыла еңбек етті. Бірлігі жарасқан халық Теміртауды татулық бесігіне айналдырды. «Қара металлургияның қарашаңырағы болған Магнитка арқылы Қазақстан кеңестік кеңістіктегі алып индустриялы елге айналды. Тоқсаныншы жылдардың еліміз үшін күрделі кезең болғанын баршаңыз білесіздер. Кеңестер Одағы ыдырап, қалыптасқан экономикалық жүйенің бұзылуынан комбинат қиын жағдайда қалды. Сол тұста тығырықтан шығар жалғыз жол - шетелден инвестиция тарту еді. Дер кезінде қуатты инвестор таба алғанымыздың арқасында біз комбинатты аман сақтап қалдық. Бұл - біздің металлургтердің және «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығының жемісті жұмысының нәтижесі», деді Президент.
Елбасы 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қолға алынғанын айта келе, бұл бағдарламада металлургия саласы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылған атап көрсетті.