Елбасы Н. Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапармен барады

«12-14 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Беларусь Республикасына ресми сапары өтеді. Сапар барысында Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен келіссөздер жүргізеді. Оның барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының ахуалы мен әлеуеті талқыланады. Сонымен қатар халықаралық және аймақтық күн тәртіптегі аса маңызды мәселе бойынша пікір алмасылады», - деді ол.
Сонымен қатар ресми өкілдің атап өтуінше, тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық, көліктік және медициналық ынтымақтастық аясындағы өзара әрекеттерді нығайту бойынша нақты қадамдарды сөз қылады.
Сондай-ақ, 2009-2016 жылдарға белгіленген Қазақстан мен Беларусь арасындағы экономикалық ынтымақтастық, Жол картасының бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2012-2013 жылдарға белгіленген бірлескен іс-шаралар жоспарын тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударады.
«Мемлекет басшылары аймақтық интеграциялық бірлестіктер, ТМД Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық, кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударады. Минск қаласында өтетін келіссөздердің қорытындысы бойынша ҚР Президенті мен БР Президенті арасында бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан мен Беларусь арасындағы бірқатар Үкіметаралық келісімдерге қол қою көзделіп отыр», - деді А. Әбибулаев.