Елбасы Н.Назарбаев еліміздің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге үлес қосқандарды «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен марапаттады

«Қазір біз әлем таныған мерейлі мемлекетіміздің әскерінің әлеуетін жоғарылатып отырмыз. Біздің сарбаздар мен сардарлар тәуелсіздікке осы жылдар ішінде қорған бола білді»,-деп атап өтті Елбасы.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік еліміздің баға жетпес байлығы екенін қадап айтты.
Атап айтқанда, Президент ҚР Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы Сәкен Жасұзақовты, ҚР Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары Оқас Сапаровты, Әуе қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сорокинді І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені ҚР ҰҚК ОҚО бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Бекмұхамбетовке, Қарулы Күштер Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақовқа, Әуе қорғаныс күштері Әскери-әуе күштері қолбасшысы Алсай Жұмановқа, Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы Мұрат Майкеевке тапсырылды.
Ал, І дәрежелі «Айбын» орденімен Қорғаныс министрлігі 51809 әскери бөлімінің командирі Жасұлан Берниязов марапатталды. Бұдан бөлек, ҚР Президенті Күзет қызметінің департамент бастығы Асқар Аманқұлов, Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің департамент бастығы Талғат Дәулетов, Әуе қорғаныс күштері әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері штабының бастығы Серік Ысмайылов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Сондай-ақ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Төтенше жағдайлар министрлігі 28237 әскери бөлімі екінші құтқару батальонының сержанты Ниязбек Тілешев, Қарулы Күштердің Бас сержанты Темірбек Халықов марапатталды.