Елбасы Н.Назарбаев телекөпір арқылы «Байсерке» агрокомпаниясының ет өңдеу кешенін іске қосты

Алматы маңында құрылған ауыл шаруашылығы кешендері қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өткен Ансар Мұсаханов: «Соның бірі - Байсерке агрошаруашылығы. Бұл жерде жемшөп базасынан бастап дайын өнімдер шығаратын мал шаруашылығы кластері құрылды. Бүгін «Байсерке» агрокомпаниясының 10 түрлі өнім шығаратын ет өңдеу кешенін іске қоспақпыз. Нәтижесінде заманауи технологияны пайдалану арқылы жоғары сапалы өнім өндіруге қол жеткізіледі. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жаңа кәсіпорынды іске қосуға рұқсат етуіңізді сұраймыз», - деді.
Жетісу өңірінің халқын келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құтықтап өткен Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы болғаннан кейін мал шаруашылығы, ет, сүт өңдеу облыс үшін өте пайдалы болуы қажет. Алдарыңызға қойылған тапсырма бар. Ол әсіресе көкөніс, алма, апорт өнімін шығару. Соларды қолға алады деп сенемін. Кешенді іске қосыңыздар», - деді.