Елбасы Н.Назарбаев Түркия Премьер-Министрімен кездесу өткізуде

  АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Республикасына ресми сапары аясында елдің Премьер-Министрі Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесу өткізуде.
None
None

Кездесу барысында тараптар екі халықтың арасындағы ортақ тарихи тамырластық пен мәдени құндылыққа негізделген Астана мен Анкараның мүдделерінің өңірлік және халықаралық проблемалары мәселелерінде, энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық өзара іс-қимылдарының сәйкес келетіндігін әрі бұл екі мемлекет ынтымақтастығының  стратегиялық  сипатын көрсететіндігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар бұл мәселелер жүздесу барысында жан-жақты талқыланды.

Осыдан кейін Елбасы мен түрік Үкімет басшысының қатысуымен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өтпек. Онда ҚР мен ТР арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі бірінші отырысының қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеге, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті Абдолла Гүлдің қамқорлығындағы «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының 2012-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен ТР Мемлекеттік қызметі директораты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп күтілуде.

Соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Премьер-Министрі  Реджеп Ердоған бірлескен мәлімдеме жасамақ.

Айта кетейік, Түркия Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Еліміздің Статистика агенттігінің деректеріне  сәйкес, екі елдің арасындағы сауда-саттық көлемі ағымдағы жылдың 7 айында 2 млрд. 460 млн. долларға жетті.

 

Соңғы жаңалықтар