Елбасы Н.Назарбаев Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесу өткізді

ГААГА. ҚазАқпарат - Гаагада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесу өткізді.
None
None

Жүздесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Жапон экономикасы әлемдегі ең ірілерінің бірі екендігін ескерген Қазақстан көшбасшысы бұл елмен арадағы барлық бағыттағы өзара қарым-қатынастарды белсенді дамытуға дайын екендігін білдірді. Ең бірінші кезекте Қазақстан энергетика, әсіресе, ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделік танытады. ҚР Президенті жапон тарабын Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасына қатысуға үндеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэге біздің елімізге сапармен келуге шақырды. Бұл сапар қазақстандық-жапондық қарым-қатынасты кеңейте түсуге мүмкіндік береді.

Жапония біздің еліміздің халықаралық және өңірлік ұйымдардағы бастамаларына оң көзқарас танытады. Бұған қоса, Токио қазақстандық тараптың жапондық «Орталық Азия+Жапония» бастамасын дамытуға, сонымен бірге Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыруға қолұшын беретіндігіне үміт артады.

Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 26 қаңтарында орнатылды. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі тұрақты саяси сұхбаттастық пен саяси консультациялар жүргізу арқылы сыртқы саяси ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл жолға қойылған.

Жапония Қазақстанды Орталық Азиядағы геосаяси әріптес ретінде қарастырады әрі оның ядролық қарусыздану және қауіпсіздікті нығайту саласындағы мемлекеттік саясатына қолдау білдіреді.

Қазақстан мен Жапонияны ядролық тақырып жақындата түседі. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы Семей ядролық полигоны жұмыс істеп, елге де, халыққа да зор зиян әкелді. Жапония да ядролық сынақтың зардаптарын бастан кешірген ел.

Соңғы жаңалықтар