Елбасы Н.Назарбаевты «Нұр Отан» ХДП-ның атынан кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсыну жөнінде ұсыныс жасалды.
Бұл ұсынысты Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Президентінің өкілеттігін референдум арқылы ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы бастамашы топтың жетекшісі болған Ерлан Сыдықов айтты.
«Осылайша мен партияның бүкіл мүшесінің көңілін білдіріп отырғаныма сенімдімін. 5 миллионнан астам қолдың жиналғандығы қазақстандықтардың Елбасы келешекте де мемлекетті өзі басқара беруін қалайтынын көрсетті», - деді Е. Сыдықов.
«Сіз елді жарқын жолға бастайтын жолды көрсеттіңіз. Халық сол болашақтың іргесін Сізбен бірге қалағасы келеді. Алдағы биік міндеттерді Сізбен бірге атқарғысы келеді. Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге болу алдағы күнге деген үмітімізді орнықтырып, сенімізді бекіте түспек. Сондықтан мен бүгінгі съезде дана да дара басшымымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы атынан Президенттікке кандидат етіп ұсынамын», - деді ол.
«Әлемдік қауымдастық Қазақстанды қоғамдық қуаты мықты, экономикасы әлеуетті, саяси жүйесі берік мемлекет ретінде таныды. Еңсесі езілгенімен сағы сынбаған қазақ елін халықтың бағына туған кемеңгер басшы бірден кемел келешекке бастады. Алтай мен Атырау арасындағы ұшқан құстың қанаты талатын байтақ отанмыз төрткүл дүние түгіл мойындаған қуатты ұлыс болып қалыптасты. Бүгінде еліміздің тұғыры берік, мақсаты айқын. Қиялдың шынға, арманның ақиқатқа айналғаны осы шығар деймін ағайын. Қиядан шауып, қисынын тауып жол бастаған Елбасымыз бейбітшіл бастамалар арқылы елімізді әлем жұртшылығының зор құрметіне бөледі», - деді Е. Сыдықов.
Сонымен қатар осының барлығы Мемлекет басшысының ерен еңбегінің, қажырлы қайратының нақты жемісі және нақты стратегиялық пайымдауының айқын көрінісі екендігін баса айтан Е.Сыдықов өткен жылы Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастама көтерілгенін әрі онда сайлаушылардың тең жарымынан астамы қолдау көрсеткенін атап көрсетті.