15:21, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Елбасы «Нұр Отан» партиясының 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының рөлі мен беделін арттыру мақсатында партиялық органның жұмысын жүйелі өзгертуді ұсынды.

Бұл бағытта партияның орталық аппараты мен жергілікті жұмысы да өзгеріске түсетін болады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезінің барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен партияның 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленуі тиіс. Бұл жүйелі әрі мақсатты құжат болуы шарт. Онда дағдарыстағы жаңғыру жұмыстарының негізгі бағыттары да айқындалуы тиіс. Сондай-ақ осы партияның жаңа бағдарламасы барлық деңгейдегі атқарушы биліктің салалық бағдарлама жасауына негіз болуы шарт. Сонымен бірге партия мемлекеттегі зияткерлік күшті толық біріктіруі тиіс. Партияның орталық аппараты ойлау мен зерделеу орталығына айналып, олар Президентке, Үкімет пен Парламентке тың идеялар толтырушы органның рөлін атқаруы қажет», - деді Н. Назарбаев.
Осыған орай Мемлекет басшысы партия жанынан Инновациялық идеялар комитетін құруды тапсырды.